YouTube 24 тамыздан бастап видео қаралымдарын есептеу тәсілін өзгертеді

24 тамыздан бастап жаңа қаралым көрсеткіші YouTube-тың видео саны көрсетілетін барлық бөлімінде пайда болады. Бірыңғай есептеу жүйесі контент авторларына аудиториясының жалпы ауқымын бағалап, бұл көрсеткіштерді серіктестері мен демеушілеріне ұсынуға мүмкіндік береді.

 Reuters 19 Тамыз 2026, 03:55
19 Тамыз 2026, 03:55
90
Фото: Reuters

YouTube 24 тамыздан бастап видеолардың қаралымын есептеу әдістемесін өзгертеді. Енді видео қаралымы ролик ойнатыла бастаған сәттен, яғни алғашқы кадрдан бастап есептеледі. Жаңа жүйе әлем бойынша барлық видео форматтарына енгізіледі.

Бұған дейін платформа әртүрлі форматтағы видеолар үшін қаралымды есептеудің бірнеше тәсілін қолданған. 2025 жылы YouTube қысқа видеоларға арналған есептеу жүйесін жаңартқан еді. Енді осы тәсіл басқа форматтарға да қолданылады.

Компанияның мәліметінше, жаңа жүйе контент авторларына өз аудиториясының көлемін дәлірек бағалап, әртүрлі форматтағы видеолардың көрсеткіштерін салыстыруға мүмкіндік береді. Өзгерістен кейін авторлардың жалпы қаралым саны да жылдамырақ өсуі мүмкін.

Сонымен қатар бұрынғы есептеу көрсеткіші YouTube Analytics платформасының «Кеңейтілген режимінде» «Белсенді қаралымдар» атауымен сақталады. Бұл көрсеткіш видеоны көруді жалғастырған аудитория көлемін анықтауға мүмкіндік береді.

YouTube жаңа жүйенің авторлардың табысына және серіктестік бағдарламасына қатысу тәртібіне әсер етпейтінін мәлімдеді. Табыс бұрынғыдай «Белсенді қаралымдар» мен «Белсенді қолданушылардың көру сағаттары» көрсеткіштері негізінде есептеледі.

Сондай-ақ YouTube серіктестік бағдарламасына қатысу талаптары өзгермейді. Компанияның мәліметінше, қаралымдарды осындай тәсілмен есептеу алгоритмі TikTok пен Instagram платформаларында да қолданылады.

24 тамыздан бастап жаңа қаралым көрсеткіші YouTube-тың видео саны көрсетілетін барлық бөлімінде пайда болады. Бірыңғай есептеу жүйесі контент авторларына аудиториясының жалпы ауқымын бағалап, бұл көрсеткіштерді серіктестері мен демеушілеріне ұсынуға мүмкіндік береді.

Наверх