Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) келген халықаралық бақылаушылар Астанадағы бірқатар сайлау учаскелерінде референдум барысын бақылап жүр. Миссия өкілдері №316 және №317 учаскелерге барып, дауыс берудің алғашқы сағаттарындағы ұйымдастыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенконың айтуынша, учаскелер уақытында ашылған, ал дауыс беру процесі белгіленген тәртіпке сай өтіп жатыр.
Бүгін біз Астанадағы №316 және №317 учаскелерде референдумның басталу барысын бақыладық. Учаскелер уақытында ашылғанын көрдік, учаскелік комиссия мүшелерінің барлығы өз орындарында отыр. Алғаш болып келген азаматтар тіркеліп, бюллетеньдерін алып, дауыс беруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, учаскелік комиссиялар дауыс беруге алғаш келген азаматтарға шағын ынталандыру сыйлықтарын дайындап қойғанын да байқадық, – деді ол.
Миссия басшысы сондай-ақ алғаш рет дауыс беру құқығын пайдаланып жатқан жастардың белсенділігіне назар аударды.
Алғаш рет дауыс беріп жатқан, 18 жасқа толған жастарды көру өте қуантады. Олар дауыс беруге қатысу құқығына ие болды. Осындай жастарға Қазақстан туралы кітаптар сыйға тартылып жатыр. Бұл – елдегі демократиялық өзгерістердің кемелденіп, мемлекеттің дамып келе жатқанын көрсететін маңызды белгілер, – деді Петришенко.
Оның айтуынша, миссия бақылаушылары тек елордада ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де жұмыс істеп жатыр.
Бүгін біздің бақылаушылар Астанадан бөлек тағы тоғыз өңірде бақылау жүргізіп жатыр. Жалпы миссия құрамында 161 бақылаушы бар. Ұзақмерзімді бақылаушылар Қазақстанға 24 ақпанда келген. Олар осы уақытқа дейін төрт өңірді аралап, референдумға дайындық барысымен танысты, – деді миссия басшысы.
Ол сондай-ақ бақылаушылардың өңірлерге жасаған сапарлары туралы айтып, сол жерде сайлау учаскелерінің дайындығы бағаланғанын жеткізді.
Кеше ғана біз Ақмола облысына барып қайттық. Соның ішінде бір ауылдық елді мекенде құрылған учаскені де көрдік. Барлығы Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасында көзделген талаптарға сай ұйымдастырылғанына көз жеткіздік, – деді Петришенко.
Миссия басшысы бақылаушылар дауыс беруге қатысушылардың жас құрамына да назар аударып отырғанын айтты.
Біз референдумға қатысушылардың орташа жасы едәуір жас екенін байқап отырмыз. Шамамен 20-30 жас аралығы. Бұл жастардың өз елінің болашақ дамуына елеулі ықпал етіп отырғанын көрсетеді. Таңертеңнен бері байқалған белсенділік күн бойы жалғасады деп үміттенеміз. Қажетті сайлаушылар саны қатысып, қойылған мәселе бойынша шешімді Қазақстан Республикасының дауыс берген азаматтары қабылдайды. Бұл, сөзсіз, мемлекет пен қоғамның әрі қарай тұрақты дамуына ықпал етеді, – деп атап өтті ол.