Ядролық қарусыз әлем үшін Назарбаев сыйлығы бірден екі азаматқа берілді

29 Тамыз 2019, 11:27
2115
Бөлісу:
Ядролық қарусыз әлем үшін Назарбаев сыйлығы бірден екі азаматқа берілді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығына екі азамат ие болды. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев лауреаттардың есімін атады. Олар – Лассина Зербо және марқұм Юкия Амано. 

Лассина Зербо - Ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі кең ауқымды келісімшарт ұйымының дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы.

Ол бұл қызметті 2013 жылдан бастап атқарған. Л.Зербо аталған ұйымның шартын даярлауға және жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан. Оның басшылығымен осы ұйымның Халықаралық мониторинг жүйесін құру бойынша жұмыс толық аяқталған. Лассина Зербо геофизика ғылымының докторы болғандықтан ұйым қызметінде жаңа перспективті технологиялар мен әдістерді қолдануға көп назар аударған.

Юкия Амано – 2009 жылдан  2019 жылғы шілдеге дейін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры болған.

Ол МАГАТЭ-ні тоғыз жыл бойы басқара отырып, халықаралық қауіпсіздікті  нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға айтарлықтай үлес қосқан. Ю.Аманоның Қазақстанда Агенттіктің төмен байытылған уран банкін құру жөнінде шешім қабылдаудағы және оны іске асырудағы жетекші рөлі даусыз. Оның Иран ядролық бағдарламасы бойынша жалпыға бірдей іс-қимыл жоспары туралы келісімді жүйелі іске асыруы жоғары бағаланып отыр. Бұған қоса, Юкия Амано қатерлік ісік аураларымен күрес, су ресурстарын басқару және азық-түлік қауіпсіздігі саласында ядролық ғылымды қолдануға баса назар аударған.

Атап өтсек, 2016 жылы бірінші сыйлық иегері Иордания королі Абдалла ІІ болды. Ол сыйлықты Таяу Шығыста жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ құруға және 1,5 миллионннан астам сириялық босқындарды қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алды.

Атап өтсек, марапаттау рәсімі Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Семей ядролық полигонының жабылу күніне орайластырылған. Бұған қоса, 2019 жылы Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 30 жыл және 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн деп жариялау туралы БҰҰ қарарының қабылданғанына 10 жыл толады. 

2016 жылғы 10 қазанда тағайындалған ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен екі жылда бір рет табысталады. 

Сыйлық 2016 жылдың сәуірінде Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммитінде ұсынылған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесі мәнмәтінінде құрылды. Бұл жаһандық бейбітшілікті орнатып, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, орнықты әлемдік тәртіпті нығайтудағы Қазақстанның көшбасшылығын растайды. 

Сыйлықты тағайындау мақсаты – саяси және қоғамдық жетекшілер мен ұйымдардың ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудегі және әлемдік қақтығыстарды шешудегі еңбегін мойындау. 

Салтанатты рәсімге лауреаттар мен олардың өкілдері, Сыйлықтар жөніндегі комитет мүшелері, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері, Ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі кең ауқымды келісімшарт ұйымының дайындық комиссиясының жауапты хатшысы, Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, республикалық мәдени және жастар ұйымдарының басшылары қатысуда. 

Іс-шараны ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қоры Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Өзгелердің жаңалығы