Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Назарбаев орталығында ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі басталды.
Іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де, сондай-ақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып отыр. Марапаттау рәсімі Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Семей ядролық полигонының жабылу күніне орайластырылған. Бұған қоса, 2019 жылы Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 30 жыл және 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн деп жариялау туралы БҰҰ қарарының қабылданғанына 10 жыл толады.
2016 жылғы 10 қазанда тағайындалған ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен екі жылда бір рет табысталады.
Сыйлық 2016 жылдың сәуірінде Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммитінде ұсынылған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесі мәнмәтінінде құрылды. Бұл жаһандық бейбітшілікті орнатып, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, орнықты әлемдік тәртіпті нығайтудағы Қазақстанның көшбасшылығын растайды.
Сыйлықты тағайындау мақсаты – саяси және қоғамдық жетекшілер мен ұйымдардың ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудегі және әлемдік қақтығыстарды шешудегі еңбегін мойындау.
2016 жылы бірінші сыйлық иегері Иордания королі Абдалла ІІ болды. Ол сыйлықты Таяу Шығыста жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ құруға және 1,5 миллионннан астам сириялық босқындарды қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алды.
Салтанатты рәсімге лауреаттар мен олардың өкілдері, Сыйлықтар жөніндегі комитет мүшелері, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері, Ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі кең ауқымды келісімшарт ұйымының дайындық комиссиясының жауапты хатшысы, Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, республикалық мәдени және жастар ұйымдарының басшылары қатысуда.
Іс-шараны ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қоры Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.