Бүгін Астанада WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтіп, үздіктер марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
WorldSkills Kazakhstan еліміздің үздік жас мамандары, педагогтер мен бизнес өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырып, идея мен жылдамдықты бәйгеге қосты. Сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен техникалық және кәсіптік білім беру бойынша білім алып жатқан білім алушылар қатысты.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, олардың кәсіби саладағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
Биылғы чемпионат жұмысшы мамандықтар жылымен үндесіп отыр. Бұл чемпионат – үздік тәжірибені енгізіп, жаңа технологияны меңгерудің, жастарды еңбекке баулитын алаң. Осы шарада жастардың еңбексүйгіштігін, кәсіби батылдығын көрдік, – деді ол.

Биылғы чемпионат 45 құзыретті қамтып, колледж студенттерінің кәсіби даярлығын ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік берген маңызды платформаға айналды.
Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылар 53 – алтын, 55- күміс, 59 – қола медальді иеленсе, 213 білім алушыға «ерекшелік» медалі табысталды.
Ал, жалпыкомандалық есеп бойынша 1 орын – Қарағанды облысына, 2 орын – Түркістан облысына бұйырса. 3 орынды атыраулықтар қанжығаларына байлады.

Бұл нәтижелер өңірлер арасындағы бәсекелестіктің жоғары деңгейін және техникалық мамандықтарға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.
Чемпионаттың басты ерекшеліктерінің бірі – жеңімпаздардың халықаралық деңгейде ел намысын қорғау мүмкіндігі. Енді қатысушылар арасында Ұлттық құрама жасақталып, 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International чемпионатына қатысатын болады.
Осыған дейін WorldSkills Kazakhstan–2025 жобасы аясында Қазақстанның үздік жастары елордаға жиналғаны туралы жазған едік.