Депутат Мұрат Әбенов Мәжілістің Instagram парақшасындағы тікелей эфир кезінде заңдарда кез келген тауар немесе қызметті сатып алу туралы хат алмасу шарттың бір бөлігі болып саналатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз былай деп жазып отырмыз: кез келген әңгімеміз, кез келген бейнежазба, WhatsApp-тағы кез келген хат алмасу, сіздің кез келген жарнамаңыз – шарттың құрамдас бөлігі. Егер сен екеуміз хат жазысып, мен Kaspi арқылы ақша жіберсем, ал сен маған “үш жыл кепілдік” деп уәде берсең, мұның бәрі шарт болып есептеледі. Егер ол орындалмаса, ол “біздің арамызда келісімшарт болған жоқ” деп айта алмайды, өйткені біздің хат алмасуымыз бар, – деп түсіндірді депутат.
Оның айтуынша, егер шарт орындалмаса, азамат ақшаны кәсіпкерден талап етпей-ақ, сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ кейбір судьялар бұған құлықсыз болып, мәселені кәсіпкердің өзімен шешуге жібереді. Соған қарамастан, олар арызды қабылдауға міндетті.
Сот тұтынушының құқығы бұзылғанын анықтаса, кәсіпкер ақшаны қайтарып, үстіне өсімпұл төлеуге міндетті болады. Мұның бәрі бизнестің өз міндеттемелерін орындауға мүдделі болуы үшін жасалып отыр.