WhatsApp мессенджерінде балаларға арналған арнайы аккаунттар пайда болады. Олар ата-аналарға байланыс баптауларын басқаруға және баланың кіммен хат алмаса алатынын бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жаңалық туралы әзірлеушілер WhatsApp-тың ресми блогында хабарлады. Баптаудан кейін қосымшаның кейбір мүмкіндіктері шектеледі. Балада негізінен чаттар мен қоңыраулар ғана қалады, ал кейбір функциялар мен контент қолжетімсіз болады.
Ата-аналар қарым-қатынастың негізгі параметрлерін басқара алады. Мысалы:
-
кімнің есептік жазбамен байланыса алатынын шешуге;
-
қандай топтарға қосылуға болатынын таңдауға;
-
белгісіз контактілерден келген хабарлама сұрауларын қарап шығуға;
-
есептік жазбаның құпиялылық баптауларын басқаруға мүмкіндік береді.
Бала баптауларды өз бетінше кері қайтара алмайды. Қауіпсіздік жүйесіндегі кез келген өзгеріс үшін тек ата-анасы білетін 6 таңбалы құпия сөз талап етіледі.
Ата-аналық бақылауды белсендіру үшін екі құрылғы - баланың телефоны мен ата-ананың смартфоны қажет болады. Осыдан кейін оларды өзара байланыстыру керек. WhatsApp-та ата-аналық есептік жазбаны баптау үшін:
-
баланың телефонына WhatsApp орнату;
-
тілді таңдап, «Келісемін және жалғастыру» түймесін басу;
-
қосымша параметрлерден «Ата-ана басқаратын есептік жазбаны жасау» бөлімін таңдау;
-
баланың телефон нөмірін тіркеп, оның туған күнін көрсету;
-
QR-кодты сканерлеу арқылы баланың телефонын өз құрылғыңызбен байланыстыру;
-
6 таңбалы ата-аналық PIN-кодты жасап, баптауды аяқтау қажет.
Бұл жаңа функция алдымен жекелеген елдерде, содан кейін біртіндеп бүкіл әлемдегі пайдаланушыларға қолжетімді болады.
Еске салайық, бұған дейін WhatsApp жаңа редизайнды сынақтан өткізіп жатқаны хабарланды.