Батыс Қазақстан облысында WhatsApp арқылы бұрынғы әйелінің интимдік суреттерін рұқсатсыз таратқан ер адам жауапқа тартылды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БҚО полициясы бұрынғы әйелінің интимдік фотосуреттерін WhatsApp мессенджері арқылы заңсыз таратқан ер адамға қатысты тергеу жүргізуде.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті зардап шегушінің бұрынғы күйеуі. Ол әйелдің рұқсатынсыз оның жеке суреттерін әлеуметтік желіде бөлісіп, осылайша ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 4-бөлігін бұзған.
Бұл бап адамның жеке өмірі туралы ақпаратты заңсыз тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Мұндай әрекет үшін 3-тен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылу мүмкіндігі қарастырылған.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол кінәсін мойындап, түсініктеме берді. Қылмыс жасауға пайдаланылған ұялы телефон тәркіленді, – деді Батыс Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да WhatsApp-та хабарлама жіберген зейнеткерге жарты млн теңге айыппұл салынған болатын.