Вучич: Сербияның Қазақстаннан үйренері көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Сербияның ЭКСПО көрмесін табысты өткізуіне еліміздің тілектес екенін жеткізді.

 Ақорда Бүгiн 2026, 16:51
Бүгiн 2026, 16:51
175
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Сербияның ЭКСПО көрмесін табысты өткізуіне еліміздің тілектес екенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл ретте Қазақстан «EXPO 2027 Belgrade» көрмесіне қатысып, өз тәжірибесін бөлісуге дайын.

Жалпы, бүгінгі келіссөздер өте табысты болды. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Жан-жақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Осы келісімдердің нәтижесінде екі елдің қарым-қатынасы нығая түсетіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ тараптар халықаралық және аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы – ұқсас. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқық нормаларының талаптары қатаң сақталуға тиіс. Кез келген жанжалды келісім арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз болашақта да халықаралық деңгейде күш біріктіріп, тиімді жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп келістік. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. Бұған қос тарап та мүдделі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бірлесіп әрекет етсек, ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Александр Вучич Қазақстанның экономикасы дамып, көпвекторлы сыртқы саясат табысты ілгерілеп келе жатқанын атап өтті 

Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.

Қазақстанның келешегі жарқын. Сербияның сіздерден үйренері көп. Сізді және Қазақстан халқын үлгі тұтатынымды айтудан еш ұялмаймын. Елдеріміз арасындағы шынайы достық келешектегі қарым-қатынасымызға негіз болады. Біз бұл байланыстарды экономика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жасанды интеллект, роботты техника және білім беру секілді салаларда дамыта аламыз, – деді Александр Вучич.

Сербия Президенті қазақ және серб командалары қатысқан UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысын асқан қызығушылықпен тамашалағанын айтты. Осы орайда ол Мемлекет басшысынан арнайы бөлімшелер қызметкерлерін даярлау ісіне қолғабыс етуді сұрады.

Бұл бағытта Қазақстанның әлемде үздік екені сөзсіз. Мен мұны Сербия азаматтары білгенін қалаймын. Біздің құрама кейбір жарыс түрлері бойынша жақсы өнер көрсетті. Ал қазақ жігіттері мен қыздары бірде-бір сайыста сүрінген жоқ. Мен бұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Арнайы жасақ қызметкерлеріңіз ең жоғары деңгейден көрінді. Олар біздің сарбаздарды жаттықтырса дұрыс болар еді. Сіздерді қауіпсіздік саласындағы керемет жетістіктеріңізбен тағы да құттықтаймын, – деді Александр Вучич. 

Наверх