Атырауда 23 жасқа дейінгі ерлер командалары арасында Қазақстан чемпионатының ІV тур ойындары өтіп жатыр. Спорттық додада 8 команда бақ сынауда, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Дәстүрлі жарыста сынға түскендердің арасында "Есіл СК-2", "Тараз-2", "Жайық-2", "Алтай-2", "Буревестник-2", "Ұшқын Көкшетау-2", "Павлодар-2" және "Атырау-2" командалары бар. Қазір мұнайлы өңір спортшылары жалпы есеп бойынша екінші орында келе жатыр.
Бұл жыл сайын өтетін жарыс. Қазіргі чемпионатта Атыраудың командасы екінші орында келе жатыр. Жалпы ойыншылардың ұлттық лигадағы, жоғары лигадағы көрсеткіштері де жаман емес. Сәуір айының 10-19 аралығында тағы бір ойынымыз Тараз қаласында өтеді. Сол жерде кіл мықтылар анықталады. Өздеріңіз білесіздер, биыл Қазақстан чемпионы атанды. Қазіргі ел чемпионаты 5 кезеңнен тұрады. Ол “Нұрсая” спорт кешенінде наурыздың 23 дейін жалғасады,-дейді Облыстық волейбол федерациясының директоры Ғабиден Қайыржанов.
Федерация директоры әрі команда құрылтайшысы Ғ.Қайыржановтың сөзінше, өңірде жыл сайын волейболға қызығушылар саны артып келеді. Жалпы бұл спорт түрінен құрама команда 1999 жылы құрылған. Әу баста топ мүшелерінің басым бөлігі шетелдіктер болса, 2019 жылы команда қайта жасақталды. Қазір дені жергілікті жалынды жастар.
Биыл қыздар командасын да аштық. Оның көрсеткішімен әлі айтарлықтай мақтана алмаймыз. Себебі оны жақында ғана қолға алдық. Соның өзінде қыздар командасының талпынысы, қызығушылығы, ынтасы өте жоғары. Осы қарқынмен дайындық жүргізсек, алдағы жылдары жүлделі орындарды да иеленеміз деген үлкен үміт бар,-деді Ғ.Қайыржанов.
Спортқа әкімдік тарапынан да қолдау бар. Мәселен волейбол федерациясының аудандарда ашылған филиалдарының арқасында, онда 500-ге жуық ойыншы шынығып, спорт түрінің қыр-сырын меңгеруде. Бұл жастар болашақта құрама командадағы ойыншылардың орнын басады.
Волейбол командаларының жетістігін одан әрі арттыру үшін, білікті бапкерлер тапшылығы қолбайлау. Сол себептен жауаптылар кәсіби мамандарды шетелден шақыртуға мәжбүр.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатынан кейін спортшылар Азия кубогіне дайындалады. Ол мамыр айының 12-24 күндері Бахрейнде өтеді.