Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің вице-президент лауазымына қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистердің бірі конституциялық реформа билік транзитіне және алдағы президент сайлауына дайындық болуы мүмкін деген пікірлер айтылып жатқанын атап өтіп, вице-президент қызметі не үшін қажет екенін сұрады.
Президенттің айтуынша, мұндай лауазым көптеген шет мемлекеттердің тәжірибесінде бар.
– Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір сарапшылар билік ішінде бәсекелестік туындауы мүмкін деген пікір айтқанымен, одан қауіп көрмейтінін жеткізді.
Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады, – деді Президент.
Оның айтуынша, вице-президент институты уақыт өте келе нақты қалыптасады.
Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.