Вице-министр Түркістанда МӘМС бойынша өңірлік штабтың көшпелі отырысын өткізді

10 Қаңтар 2020, 06:37
3124
Бөлісу:
Вице-министр Түркістанда МӘМС бойынша өңірлік штабтың көшпелі отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров бастаған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша өңірлік штабтың көшпелі отырысы өтті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Медицина саласындағы жаңашылдықтың жүзеге асуын талқылауға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қатысты.

Жаңа жылдан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын басталғаны белгілі. Қазақстандықтар биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тіс дәрігеріне жеке емханада тісін тегін емдете алады. Одан бөлек тегін дәрі-дәрмекке қолжетімділік арта түспек. Түркістан облысына биыл амбулаториялық тегін дәрі-дәрмектің 400-ге жуық түрі жеткізіледі.

Жаңа жүйе ауыл медицинасын дамытуға да үлкен қолдау болмақ. Техника жаңартылып, алғашқы санитарлық көмек пен жедел –жәрдем қызметін қаржыландыру артпақ. Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, басты мақсат сапалы медициналық көмек көрсету болуы тиіс. Облыстық медициналық ұйымдар өз кезегінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толығымен дайын.

Түркістан облысы халқының 91,6%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Түркістан облысының "МСҚ" КЕАҚ филиалы 2020 жылға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 40 мемлекеттік және 35 жеке меншік медициналық ұйымдармен келісімшартқа тұрған.


Өзгелердің жаңалығы