Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс сапары кезінде ол жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, келесі жылы АӨК-ге енгізілетін саланың негізгі жаңалықтары мен көрсеткіштері туралы айтты.
Әбілхайыр Тамабек бірінші кезекте алдағы қысқа жемшөп дайындау процесіне тоқталды. Әкімдіктердің деректері бойынша, өңірде 73,9 мың тонна шөп жиналды, бұл жоспардың 94,8%. Сондай-ақ 22,6 мың тонна жем жиналды, бұл жоспарланған көлемнің 95,2% құрайды.
Вице-министр биыл мал шаруашылығы саласы өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есе көп қаражат алғанын және оның сомасы 706,7 млн теңгені құрағанын атап өтті. Сонымен қатар 330 ауыл шаруашылығы кәсіпорны субсидия алғанын, қаражаттың көп бөлігі жемшөп құнын арзандатуға жұмсалғанын еске салды. 2023 жылға 369,7 млн теңге сомасына құрама жем субсидияларына 273 өтінім келіп түсті.
Әбілхайыр Тамабек сонымен қатар жергілікті фермерлерге 2023 жылы бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін халықтың табысын арттырудың жаңа жобасы туралы айтып берді. Ауыл тұрғындары өз ісін дамытуға төмен пайызбен шағын несие ала алады. Маңғыстау облысы бойынша жобаны іске асыруға 800 млн теңге қарастырылып отыр.
Вице-министр жергілікті халық үшін басқа да маңызды мәселеге тоқталды, ол Маңғыстау облысының мақтанышы - Адай жылқыларының асыл тұқымды мал басы ретінде ғылыми тануға және өсіруге қатысты. Ал Қазақстан Президенті қараша айында өңірге жұмыс сапары кезінде бірегей жануарларды ғылыми тану жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
"Министрлік 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде Адай жылқысы тұқымын жетілдіру және құру жөніндегі ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта 2023 жылдың басында алғашқы отырысын өткізетін жұмыс тобы құрылып жатыр", - деп атап өтті Ә.Тамабек.
Маңғыстау облысында Адай тұқымды жылқыларды өсірумен айналысатын фермерлік шаруашылықтар көбейіп келеді. Жергілікті тұрғындар бұл жылқыны мойындау аймақтың АӨК-не оң әсер етіп қана қоймай, бірегей тұқымның ұлттық брендке айналатынына сенімді.