Вице-министр көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шараларын атады

8 Тамыз 2019, 13:35
1477
Бөлісу:
Вице-министр көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шараларын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шаралары туралы айтты.


Берік Шолпанқұловтың мәліметінше, бизнесті көлеңкеден шығару бойынша жұмыс салық-кеден саясатын жетілдіру және қолма-қол ақшаның үлесін қысқарту жолымен жүргізілуде.

"Өткізілетін іс-шаралар салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді ықпалдастыруға негізделген. Онда "Тауарларды таңбалау", "Электрондық шот-фактуралар", "Виртуалды қойма", "Тәуекелдерді басқару жүйесі", "Онлайн-касса" және тағы сол сияқты ақпараттық жүйелерді дамытудан үлкен нәтиже күтіледі. Тауарларды қадағалау жүйесін құру экономиканы контрафактілік өнімдерден қорғауға мүмкіндік береді", - деді Шолпанқұлов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, "Электрондық шот-фактуралар" ақпараттық жүйесі тауарлардың соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Ал "Виртуалды қойма" модулі автоматты режимде тауар қозғалысының процесін қадағалауға көмектеседі.

Вице-министр еліміздегі көлеңкелі экономикамен күрестің басқа да жолдарын атады. Ол іске асырылып жатқан бастамалар мен қабылданып жатқан шаралар көлеңкелі экономиканы қысқартуға, бюджетке салық және кедендік түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты.


Өзгелердің жаңалығы