Вице-министр: Ардагерлерге қамқорлық көрсету - әлеуметтік саясаттың басты басымдықтарының бірі

5 Мамыр 2020, 17:20
1495
Бөлісу:
Вице-министр: Ардагерлерге қамқорлық көрсету - әлеуметтік саясаттың басты басымдықтарының бірі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның барлық өңірінде Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлім етті.

Өз елінің өткенін білу және құрметтеу, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жеңісті жақындату жолында майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау – әрбір адамның парызы. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атынан баршаңызды келе жатқан жарқын мереке – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! 75 жыл бойы ардагерлерге қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады, – деді Ерлан Әукенов.

Сөз арасында вице-министр зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын ұлғайып жатқандығын айтты.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем мөлшері базалық зейнетақы бойынша 5%-ға, ынтымақты зейнетақы бойынша 7%-ға өсті. Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төлемдердің мөлшері тағы 5%-ға индекстелді. Нәтижесінде 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері: Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына – 164 542 теңгені, соғыс мүгедектеріне – 169 762 теңгені, Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына теңестірілген адамдарға – 156 000 теңгені, соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдарға – 109 427 теңгені, тыл еңбеккерлеріне – 107 577 теңгені құрайды, - деді спикер.

Сонымен қатар, Әукенов ардагерлерге әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетілетінін атап өтті. 

Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Жеңілдікті тұрғын үй алады. Салық салу бойынша жеңілдіктері бар. Медициналық қызмет көрсету және санаториялық-курорттық емделуден тегін өтеді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге өмірлік қиын жағдайда немесе мереке (атаулы) күндері материалдық көмек, тұрғын үйді жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерді төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру бойынша жеңілдіктер түрінде қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді, – деп толықтырды вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы