Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.
Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, бүгінде елімізде 770 колледж жұмыс істесе, оның 424-і мемлекеттік және 346-сы жекеменшік. Бұл ретте 180 колледж «Жас маман» жобасы аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, ал мемлекеттік колледждердің шамамен 50%-ы тозығы жеткен жабдықтарды пайдаланады.Маман тапшылығы – өзекті мәселе. Қазіргі уақытта ТжКББ ұйымдарында 40 мыңға жуық педагог, оның ішінде 5,2 мың өндірістік оқыту шебері жұмыс істейді. Маман тапшылығы 2,4 мың адамды құрайды. Сонымен қатар кадрлардың қартаюы байқалады, педагогтардың 30%-дан астамы – 55 жастан асқан адамдар, - деді вице-министр.
Министрлік өкілі ТжКББ жүйесінде қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарланғанын, ол колледждің ерекшелігін ескере отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін саралауға бағытталатынын айтты.
Өз кезегінде Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ведомство мәліметтеріндегі сәйкессіздіктерді атап өтті.
Осы жылдың сәуір айында бізге жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі 310-нан 630 мыңға дейінгі аралықта ауытқып тұрғанын айтқан еді, ал қазір бұл сома басқа. Біздегі құжаттар да, сандар да әртүрлі, - деді Жұлдыз Сүлейменова Білім министрлігінің өкіліне.
Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру ерекшелігіне қатысты мәселені Кеңес мүшесі, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев көтерді. Оның айтуынша, колледж түлектерінің шамамен 60%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
Түлектердің 27%-ы 1 жыл бойы жұмыс таппаған, ал алған біліктілігіне сәйкес тек 13%-ы жұмыс істейді. ТжКББ ұйымдарындағы білім беру бағдарламаларының 80%-ға жуығы еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтіндігіне назар аударғым келеді. Халықаралық сертификаттау бағдарламаларына қарағанда колледж дипломдарына сұраныс аз. Біз 25 мыңға жуық компанияда сауалнама жүргіздік, олардың 53%-ына колледж түлектері, 21%-ына жоғары оқу орындарын бітіргендер, ал 26%-ына қысқа мерзімді дайындықтан өткендер қажет, - деді Олжас Ордабаев.
Кеңес мүшесі, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов орта мерзімді кезеңге арналған мамандарға деген қажеттілік болжамын алға тартты.
2021-2025 жылдары кадрларға деген жалпы қажеттілік 1 млн адамнан асады. Негізгі сұраныс білім беру саласында, шамамен 200 мың адам немесе 18,5% болады. Ең алдымен, бастауыш сынып мұғалімдері, сонымен қатар орта сыныптар үшін пән мұғалімдеріне сұраныс көп. Қазіргі уақытта нарықта 18 мыңға жуық педагогикалық бос жұмыс орны бар, - деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша Кеңес Білім және ғылым министрлігіне бірқатар ұсынымдар әзірледі. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендердің даму перспективаларын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған колледждер желісіне талдау жүргізу, сондай-ақ ауылдық және шағын жинақталған колледждер үшін жан басына қаржыландырудың қосымша коэффициенті мәселесін пысықтау.
Бұдан басқа, министрлікке ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру және еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын әзірлеуге бизнес субъектілерін тарту ұсынылды.