Вице-министр: Еліміздегі азаматтық қоғам орыс тілділерге айналып барады

4 Маусым 2021, 18:51
1526
Бөлісу:
Вице-министр: Еліміздегі азаматтық қоғам орыс тілділерге айналып барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтық бастамалар қолдау орталығы алаңында «ҮЕҰ-ға мемлекеттік гранттарды беру конкурсы аясында мемлекеттік тілді қолдану жағдайы» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Максим Рожин, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшім, "Ұлағат" мәдениет және даму қорының төрайымы Камажан Жұмақасова, "ҮЕҰ академиясы" ALMAU саясат және құқық мектебінің профессоры с.ғ.д., Бақытнұр Отарбаева, тәуелсіз сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Б. Тілеповтың айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысатын ҮЕҰ-дың басым бөлігі Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында шоғырланған. Өңірлердегі қазақтілді ҮЕҰ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Сондықтан, қазақтілді азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайту мақсатында кәсібилендіру және біліктілікті арттыру бойынша жүйелі мамандандырылған жұмыс жүргізілуі тиіс.

Өз кезегінде Дос Көшім қазір елімізде мемлекеттік тілде белсенді жұмыс істейтін ҮЕҰ саны 15-20% - дан аспайтынын атап өтті.

Мұның негізгі себебі қазақ тілді ҮЕҰ 90-шы жылдардан бастап тиісті деңгейде қолдау таппағанынан. Біз ҮЕҰ-ға арналған қазақ тіліндегі оқулықтарды, әдістемелерді, көмекші құралдарды әзірлеу арқылы осы саланы дамытуға күш салуымыз керек. Еліміздегі азаматтық қоғам орыс тілділерге айналуда - бұл саяси тұрғыдан өте қауіпті, - деді ол.

Бақытнұр Отарбаева "ҮЕҰ академиясы" жобасын іске асыру шеңберінде ҮЕҰ-ның білім беру қызметтеріне мұқтаждығын бағалау бойынша зерттеу жұмысы жүргізілгенін хабарлады. Зерттеу қорытындысы бойынша еліміздің 800-ге жуық ҮЕҰ оқытылады. Сонымен қатар, маусым айынан бастап ҮЕҰ өкілдеріне арналған "Өрелі ұрпақ" әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі іске қосылады.

Сондай-ақ сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері тарапынан ҮЕҰ арасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілді қолданатын ҮЕҰ мен сарапшылардың санын арттыру және сапасын көтеруге қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан осындай кездесулерді тұрақты негізде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында өткізіп отыру ұсынысы айтылды.

Өзгелердің жаңалығы