Ветеринарлық мамандықтар бойынша ауылдық квотаны 70%-ға дейін ұлғайту ұсынылды

4 Сәуір 2022, 11:59
1391
Бөлісу:
Ветеринарлық мамандықтар бойынша ауылдық квотаны 70%-ға дейін ұлғайту ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ветеринария саласы мамандарын дайындап, оларды жұмысқа орналастыру үшін қолға алынған шаралар туралы айтып берді.

Министрдің дерегінше, 2020-2021 оқу жылында 1 283 ветеринария маманы (мемлекеттік тапсырыс бойынша - 728, ақылы негізде - 551, кәсіпорын есебінен - 4) шығарылды, оның ішінде әйелдер - 717 (55,8%).

Жыл сайын кадрлар даярлауға 825 білім беру гранты бөлінеді, 2021 жылы гранттар саны 50-ге (6,3%-ға) артты. Мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылғандар – 712 немесе 55%, мамандығы бойынша еместер - 312 немесе 25%, қалғандары - 259 немесе 20% түрлі себептер бойынша жұмысқа орналаспаған, - деп айтты Ауыл шаруашылығы министрі.

Министр ауылдық жерлерде ветеринариялық мамандарды орнықтыру және жұмысқа орналастыру мәселесін шешу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып берді.

1. БҒМ-ға ветеринарлық мамандықтар бойынша ауылдық квотаны бүгінгі 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жөнінде ұсыныс енгізілді.

2. Оқу орындарына оқуға қабылдау кезінде уәжді талапкерлерге басымдық беру ұсынылады.

3. ҰЭМ-ға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ветеринарларға көтерме жәрдемақы мөлшерін 20%-ға арттыру туралы ұсыныс дайындалып жатыр.

Сонымен қатар Қарашөкеев ветеринарлық оқу орындарына білім беру процесінің сапасын арттыру мәселелеріне қатысты ұсыныстар айтты.

Өзгелердің жаңалығы