10 маусым Қазақстанда Ветеринария қызметкерлері күні ретінде екінші рет аталып өтті. Кәсіби мереке 2024 жылы мемлекеттік деңгейде бекітілген. Бұл күні сала мамандарына қандай құрмет көрсетілді, ветеринария қызметкерлерінің қазіргі жалақысы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын BAQ.KZ тілшісі материалынан таба аласыз.
Астанада кімдер марапатталды?
Елімізде ветеринария саласында 15 мыңға жуық маман еңбек етіп жатыр. Олардың ең үздіктерін Ветеринария қызметкерлері күніне арналған Астанада өткен салтанатты іс-шарада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров марапаттады.
Мереке күні біраз адамды ветеринария саласына қосқан үлестері үшін марапаттадық. Шынында да еңбектері зор, көп жыл істеген. Малмен айналысу әсіресе ауылды жерде оңай емес. Төл туғаннан бастап құлағына бирка іліп, паспортын толтырып, ары қарай вакцинациясы, қан алуын осы кісілер жүргізеді, - деді министр.

Айдарбек Сапаров құттықтау сөзінде ветеринариялық қызметтің ел үшін стратегиялық маңызын да атап өтті.
Ветеринария саласында жұмыс істеу – жоғары біліктілікті, жауапкершілікті және іске деген адалдықты талап етеді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жануарлардың денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі, - деді ол.
Іс-шара аясында мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды. 5 адам ауыл шаруашылығы министрінің “Құрмет” грамотасымен марапатталса, 14 маманға “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісі, 3 сала ардагеріне “Еңбек ардагері” медалі табыс етілді.
“Еңбек ардагері” медалімен марапатталғандардың ішінде Көкшетау қаласындағы Республикалық ветеринарлық зертханада 41 жыл қызмет атқарған Зәуреш Ысқақова да бар.

1984 жылы зертханаға келіп, орналасқанмын. Биыл сәуірде сол жерден зейнетке шықтым. 41 жыл еңбек еттім. Техникум бітіріп келіп лаборант ретінде орналасқанмын. Одан кейін университетті тәмамдап, вирусолог-дәрігер болдым. Жануарлардан алынатын ПЦР, ИФА, құтыру вирусына қатысты талдауларды зерттедім. Медаль беріп жатқанда 41 жыл өмірім көз алдымнан өтті. Министрдің өзінен марапат алғаныма марқайып қалдым, - деді зейнеткер.
Ветеринария қызметкерлері жалақысы қалай өзгерді?
Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде өзінің қызметін күндіз-түні атқарып жүрген ветеринария саласы қызметкерлерінің еңбегі адал. Кейінгі жылдары ветеринария саласының материалдық жағдайы түзелді. Ветеринария саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың айлық жалақысы көтерілді. Міне екінші жыл ветеринария қызметкерлері күнін атап өтіп жатырмыз. Бұл қамқорлыққа көп рақмет, - деді сала ардагері Жетпісбай Ахметов.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та қысқа мерзім ішінде ветеринария қызметкерлері еңбекақысы екі рет көтерілгенін айтып, саланың қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Үкімет инфрақұрылымды нығайту, ең заманауи жабдықтар сатып алу, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу бағытында жұмыс жүргізуде. Қысқа мерзім ішінде мамандардың еңбекақысы екі рет көтерілді, – деді министр.

Дегенмен Айдарбек Сапаровтың айтуынша, сала мамандарының жалақысын әлі де көтеру керек.
Екі жылда екі есеге жуық көтерілді. Бұл кісілердің жалақысы өте төмен болды. Қазір ортаға жақындады, әлі де көтеру керек. Кеше ветеринария қызметкерлерінің жалақысын көтеруге тапсырма берілген болатын. Біз оны қарастырып, қайтадан бюджетке ұсынысымызды береміз, - деді министр.
Ол қазіргі кезде санитар орташа есеппен 150-160 мың теңге, ветеринар дәрігер 250-350 мың теңге арасында, ал ветстанция бастығы 500 мың теңгеге дейін жалақы алатынын айтты.
