Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Венесуэладан кейін кімдер кезекте? Трамп көз тіккен бес ел

Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

АҚШ-та Дональд Трамп президенттігінің екінші мерзімі оның сыртқы саясаттағы қатаң әрі агрессивті ұстанымымен ерекшеленіп отыр. Венесуэладағы түнгі операциядан кейін Трамп Вашингтон ықпалындағы бірқатар елге ашық ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Гренландия

Трамп АҚШ-тың Гренландиядағы Питуфик әскери-ғарыш базасымен шектелмей, аралдың өзін бақылауға алғысы келетінін мәлімдеді. Ол мұны ұлттық қауіпсіздікпен байланыстырып, аймақта Ресей мен Қытай кемелерінің көбейгенін айтты.

Гренландия премьер-министрі Йенс Фредерик Нильсен АҚШ-тың аралды аннексиялау идеяларын "қиял" деп атап, мұндай әрекет НАТО ішіндегі қақтығысқа әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Колумбия

Венесуэладағы операциядан кейін Трамп Колумбия президенті Густаво Петроға қоқан-лоқы жасап, елді "кокаин өндіретін мемлекет" деп атады.

Колумбия – мұнай, алтын, күміс, платина және көмірге бай, сондай-ақ аймақтағы есірткі тасымалының негізгі тораптарының бірі. Трамп бұл елге қарсы әскери операция жасау мүмкіндігін жоққа шығармады.

Иран

Иранда жаппай антиүкіметтік наразылықтар жалғасып жатқан тұста Трамп билік күш қолданса, АҚШ қатты соққы береді деп ескертті.

Бұған дейін АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, бұл Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығысқа ұласқан. Трамптың Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуінде Иран басты тақырып болды.

Мексика

Трамп Мексиканы есірткі мен заңсыз миграцияны тоқтатпай отыр деп бірнеше рет айыптады. Ол тіпті Мексика аумағына АҚШ әскерін енгізуді ұсынған. Алайда Мексика президенті Клаудия Шейнбаум ел аумағында АҚШ әскери операцияларына қатаң қарсы екенін мәлімдеді.

Куба

Куба 1960-жылдардан бері АҚШ санкцияларында. Ел экономикасы Венесуэла мұнайына тәуелді болған.

Трамптың айтуынша, Куба "құлдыраудың алдында тұр" және әскери араласу қажет емес. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, өзі кубалық иммигранттардың ұлы, Кубада режимнің ауысуы мүмкін екенін ашық меңзеді.

Венесуэладан кейін Трамп әкімшілігінің назарында Гренландия, Колумбия, Иран, Мексика және Куба тұр. Бұл елдерге қатысты мәлімдемелер АҚШ-тың қатқыл сыртқы саясатының жаңа кезеңге өткенін аңғартады.

Еске салсақ, 3 қаңтарда АҚШ Венесуэлада әскери операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны тұтқындады. Ол АҚШ-қа жеткізілгеннен кейін Мадуро мен оның жұбайына "наркотерроризм" айыбы тағылды. Осыдан соң елдің уақытша басшысы ретінде Делси Родригес тағайындалды. Венесуэла саяси дағдарыстың жаңа кезеңіне өтті: бұрынғы көшбасшы биліктен кеткенімен, басқару жүйесі жұмысын тоқтатпаған. 

Енді басты сұрақ – елді шын мәнінде кім басқара алады және Венесуэланың саяси картасы қалай өзгереді? Бұл мәселелерді BAQ.KZ тілшісі саясаттанушылармен бірге талдады.

Өзгелердің жаңалығы