24 маусымда Венесуэлада болған екі қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 4 490 адамға жетті.
Елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес америкалық X әлеуметтік желісінде табиғи апаттың салдарына қатысты жаңартылған мәліметтерді жариялады.
Оның айтуынша, қаза тапқандар саны тағы 157 адамға артып, 4 490-ға жеткен. Ал зардап шеккендер саны 16 740 адамды құрайды.
Сондай-ақ Родригес жер сілкінісінен кейін 120 794 отбасы гуманитарлық көмек алғанын хабарлады. Ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра штатында, сондай-ақ Каракас қаласы мен Миранда штатында 108 уақытша шатырлы лагерь ұйымдастырылған.
Ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Венесуэла үкіметі табиғи апаттан кейін тұрғын үйге деген нақты қажеттілікті анықтау үшін халықты биометриялық тіркеуді бастаған. Алдын ала есеп бойынша, апат салдарын толық жою үшін шамамен 25 мың жаңа тұрғын үй салу қажет болуы мүмкін.
Венесуэладағы жер сілкінісі
АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) 24 маусымда Венесуэлада араға небәрі 39 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі тіркелгенін хабарлаған.
Ал БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 26 маусымда жариялаған бағалауына сәйкес, табиғи апаттан келген тікелей материалдық шығын 6,7 млрд долларды құраған.
Қазіргі уақытта елде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Билік қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.