Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 6,5 мыңнан асты

Жер сілкінісі салдарынан кемінде 190 ғимарат қираған.

 Leonardo Fernandez Viloria/Reuters 26 Тамыз 2026, 05:16
26 Тамыз 2026, 05:16
119
Фото: Leonardo Fernandez Viloria/Reuters

Венесуэлада 24 маусымда болған жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 6 509 адамға жетті. Бұл туралы елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді.

Ресми мәлімет бойынша, табиғи апаттан зардап шеккен 226 мыңнан астам адамға ауруханаларда медициналық көмек көрсетілген. Іздеу-құтқару жұмыстары кезінде 6 462 адам тірі табылған. Ла-Гуайра штатында үйінділерді аршу және қаза тапқандарды іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Мамандар із-түзсіз жоғалғандар саны 10 мыңға дейін жетуі мүмкін деп бағалайды.

Жер сілкінісі салдарынан кемінде 190 ғимарат қираған. Билік баспанасынан айырылған тұрғындарды тұрақты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

24 маусымда Венесуэлада магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі қуатты жер сілкінісі бір минутқа жетпейтін аралықта тіркелген. Мұндай құбылыс «сейсмикалық дуплет» деп аталады. Жер сілкіністерінің ошақтары елдің Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласына жақын орналасқан.

Табиғи апат салдарын жою үшін Венесуэла билігі Халықаралық валюта қорындағы ресурстарынан 346 млн доллар бөлген. Елде жер сілкінісі құрбандарын еске алуға жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланған.

Наверх