Бұл туралы ел билігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 16 740 адам түрлі жарақат алған. Тағы 18 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалған.
Ұлттық ассамблеяның спикері Хорхе Родригестің Telegram-дағы мәліметінше, құтқарушылар үйінді астынан 6462 адамды тірідей алып шыққан. Алайда соңғы үш тәулікте аман қалғандар саны өзгермеген. Ал жексенбіден бері көз жұмғандар саны тағы 193 адамға артқан.
Апат салдарынан 856 ғимарат зақымданып, оның 190-ы толықтай қираған. 24 маусымда болған магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі күшті жер сілкінісінен кейін елде 1048 афтершок тіркелген.
Табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарына 30 мыңға жуық төтенше жағдайлар қызметінің маманы, 28 мыңға жуық ерікті және 4,3 мыңнан астам шетелдік құтқарушы жұмылдырылды. Үкіметтің мәліметінше, бүгінде 87 мыңға жуық отбасыға көмек көрсетіліп, зардап шеккендер үшін 82 уақытша орналастыру лагері ашылған.
Еске салайық, Венесуэлада жер сілкінісі 24 маусым күні кешке болған. Араға шамамен 40 секунд салып, магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі қуатты жер асты дүмпуі тіркелді.
Бұған дейін Венесуэлада үйінді астында бұрынғы сұлулық байқауының жеңімпазы мен оның сүйіктісі қаза тапқаны хабарланған еді.