Ванкувердегі шабуыл: Күдікті ұсталып, оған кісі өлтірді деген айып тағылды

29 Сәуір 2025, 11:35
442
Бөлісу:
Ванкувердегі шабуыл: Күдікті ұсталып, оған кісі өлтірді деген айып тағылды
Фото: independent.co.uk

Канаданың Ванкувер қаласында өткен фестиваль кезінде көлікпен адамдарды қасақана соққан 30 жастағы ер адамға кісі өлтірді деген айып тағылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға салдарынан 11 адам қаза тапты, оның ішінде 5 жасар бала да бар. Тағы кем дегенде 20 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Қайғылы оқиға сенбі күні кешкі сағат 20:00 шамасында Лапу-Лапу күніне арналған фестиваль кезінде болған. 

Қаза тапқандардың бірі – мұғалім әрі мектеп кеңесшісі Кира Салим. Ол Ванкувердің оңтүстік-шығысындағы Нью-Уэстминстер ауданындағы екі мектепте қызмет еткен. Дүйсенбі күні жарияланған ресми мәлімдемеде оның еңбегі мен өмірге деген ұстанымы көптеген адамның тағдырына оң әсер еткені айтылды.

Ванкувер қалалық полициясы хабарлағандай, 30 жастағы Кай-Джи Адам Ло екінші дәрежелі кісі өлтірудің сегіз дерегі бойынша айыпталып отыр. Билік өкілдері оған тағы бірнеше айып тағылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Қаланың уақытша полиция бастығы Стив Рай бұған дейін ұсталған күдіктінің құқық қорғау органдарымен және психикалық денсаулық мамандарымен бұрыннан байланысы болғанын айтты. Ол бұл оқиғаны терроризм емес деп санайтындарын атап өтті.

Бұл – Ванкувер тарихындағы ең қаралы күн. Бұл жағдай қаланың полиция құрылымына үлкен өзгерістер енгізудің бастамасы болады, – деді Стив Рай.

Канада премьер-министрі Марк Карни бұл оқиғаға байланысты "ел қатты күйзеліп, қайғы жұтты" деп мәлімдеп, дүйсенбі күні өтетін федералды сайлау алдындағы Калгари, Ричмонд және Британдық Колумбия қалаларындағы митингілерді тоқтатты.

Өзгелердің жаңалығы