Вакцинациялау қалай жүргізіліп жатыр? – Тамара Дүйсенова жауап берді

29 Желтоқсан 2023, 12:31
441
Бөлісу:
Вакцинациялау қалай жүргізіліп жатыр? – Тамара Дүйсенова жауап берді
Фото: -архив

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың балаларды вакцинациялауға қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дүйсенованың мәліметінше, 2023 жылдың 11 айында республика бойынша Ұлттық вакцинация күнтізбесі шеңберінде 1 208 432 адам профилактикалық егуге жатқызылды, оның ішінде 1 106 659 адам егілді, қамту оңтайлы деңгей кемінде 91,6% кезінде 87,1%- ды құрады.

Өткен кезеңде көкжөтелдің – 356, паротиттің – 21, қызамықтың – 4 жағдайлары тіркелген, дифтерия, полиомиелит жағдайлары тіркелмеген. Биыл 23 желтоқсандағы жағдай бойынша республикада қызылшаның 26 168 жағдайы тіркелді, оның ішінде 80%-дан астамы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі, 83% - егілмеген балалар, - деді вице-премьер.

Оның сөзінше, қызылша бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 2023 жылғы наурыз айынан бастап әртүрлі себептермен жоспарлы екпелерді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі балаларды толыққанды иммундау жүргізіліп жатыр.

Одан басқа, ДДҰ ұсынымына сәйкес елде 2023 жылғы 6 қарашадан бастап 6 айдан 11 айға дейінгі, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ қызылшаға қарсы жоспарлы профилактикалық егуді өткізіп алған медицина қызметкерлерін қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіледі. Ол үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның қосымша көлемі (1,5 млн доза) сатып алынды, Үкімет резервінен 3,18 млрд теңге бөлінді. Қосымша жаппай иммундау аясында 675 мыңнан астам адам егілді. Инфекциялық аурулардың, оның ішінде қызылшаның алдын алу бойынша халықпен тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қызылшамен сырқаттанушылықтың өсу кезеңінің басынан бастап осы бағыттағы жұмыс күшейтілді, - деп айтты Тамара Дүйсенова.

БАҚ-пен белсенді жұмыс істеу үшін орталық аппаратының, Комитеттің аумақтық департаменттерінің мамандары мен облыстық ауруханалардың инфекционистерінен тұратын спикерлер тізімі қалыптастырылды, олармен еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар сұқбат ұйымдастырылды.

167 брифинг өткізілді, оның ішінде Денсаулық сақтау министрінің, вицеминистрлерінің қатысуымен Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында 249 сөз сөйленді, БАҚ-та 2 392-ден астам материалдар жарияланды, 3 797 дөңгелек үстел, 4 699 жиналыс, сынып сағаттары өткізілді.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының базасында иммундықпрофилактика мәселелері бойынша халыққа кеңес беру бойынша жұмыс ұйымдастырылды.

Сонымен қатар биылғы қыркүйек айында дін өкілдерімен вакцинамен басқарылатын инфекциялардың алдын алуда иммундаудың маңыздылығы туралы кездесу өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы