Вакцинаға қарсы болғандар «қызыл» аймаққа барды

17 Шілде 2021, 12:20
2322
Бөлісу:
Вакцинаға қарсы болғандар «қызыл» аймаққа барды

Алматы, BAQ.KZ. Вакциналауға қарсымыз деген тұрғындар кеше қаланың бас санитар дәрігерімен бірге қызыл аймақтағы инфекциялық аурухананы аралап, ондағы жағдайды өз көздерімен көрді. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Бір жарым сағат бойы РВ-90 ауруханасының жансақтау бөлімінде болған антиваксерлер коронавирусты Билл Гейтс ойлап тапты дегенге сенетін. Ауырғаннан кейін антиденелер өздері-ақ қалыпқа түседі деп ойлаған тұрғындар вакциналау процесіне қарсы емес, бірақ мәжбүрлеп салғызуды дұрыс емес деп есептейді. 

Вакцинаны алу, алмау әркімнің өз жауапкершілігінде. Оны ойлап тауып жатқан кісілердің де өз жауапкершілігі бар. Бірақ, базардағыдай вакцина сал деп, артынан қуалап, мәжбүрлеу, ол заңсыз деп есептеймін, – деді қоғам белсендісі, заңгер Асылбек Қараев.

Антиваксерлердің бірі – 44 жастағы Болат Дүйсембаев. Ол коронавирустың бар екеніне, аурудың аса қауіпті екеніне мүлдем сенбеген. Тек 2 апта бұрын вирус жұқтырып, өзі айтпақшы «ойдан құралған ковид» оның өмірін қия жаздапты. Айта кетейік, соңғы 7 тәулікте анықталған коронавирустық жағдайдың 90 пайызы симптомдық деп танылып отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда қауіпті көрсеткіш.

Мен коронавирусты әлемдік ұйымдардың ойлап тапқан саясаты деп есептеп келдім. Қазір осының бәрін басынан өткерген адам ретінде аурудың расымен бар екенін айтқым келеді. Көзім жетті. Чиптеу туралы да кең тарап кетті ғой. Егер, қарапайым халықты чиптеу керек болса, оның басқа жолы жетіп жатыр емес пе? Миллиондаған адамның өміріне қауіп төнген тұста әркім өз денсаулығына сақ болса екен деймін, – деді қала тұрғыны Болат Дүйсембаев.
Өзгелердің жаңалығы