Вакцинацияның жалған құжатын жасаған дәрігер мен делдал ұсталды

13 Қыркүйек 2021, 22:40
7846
Бөлісу:
Вакцинацияның жалған құжатын жасаған дәрігер мен делдал ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның 50 паспортын сатқан 8 адам ұсталды, арасында дәрігерлер мен делдалдар бар. Бұл туралы Маңғыстау облысының полиция департаменті хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, күдіктілер екпе алғаны жөнінде құжатты 30-50 мың теңге аралығында сатқан. Ұсталғандар 150-ден астам адамға құжат сатқанын мойындаған.

Қылмыстық кодекстің 385-бап 2-бөлігі бойынша ("Жалған құжаттарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу жалғасып жатыр - деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Қалиев.

Бұл фактілер Жаңаөзен, Ақтау қалалары мен Мұнайлы ауданындағы мемлекеттік және жеке меншік ауруханаларда анықталған. Полиция тергеу жалғасып жатқандықтан күдіктілер көбеюі мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, вакцина паспортын сатып алғандар кәдімгідей екпе процедурасына келген, бірақ екпе алмаған.

Медбикелер мақтаны алып, екпені адамның қолына емес, мақтаға салған, бұдан соң вакциналау базасына екпе алды деген мәлімет енгізген. Ол адамдардың байланыс ортасын анықтадық және тізбек бойынша қатысы барларды анықтай бастадық, - деді Алтынбек Қалиев.

Өзгелердің жаңалығы