Вакцинацияға қатысты маңызды сұрақтардың жауабы

26 Қаңтар 2021, 13:55
2234
Бөлісу:
Вакцинацияға қатысты маңызды сұрақтардың жауабы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғындар тарапынан коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты ең жиі қойылатын сауалдарға Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары жауап берді.

Қазақстанда қандай вакцина қолданылады?

Жауап: Осы жылдың ақпан айынан бастап елімізде коронавирусқа қарсы Ресейде өндірілген Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын егу жұмыстары басталады. Дәл осы вакцина Қарағанды қаласының фармацевтикалық кешенінде өндіріліп, халықты вакцинациялау жалғасады. Осы жылдың екінші тоқсанында вакцинациялауға отандық өнім – QazCovid-In қосылады. Қазіргі күні қазақстандық QazCovid-In вакцинасы клиникалық сынаманың үшінші фазасынан өтуде.

Қазақстанда Ресейден өзге вакцина сатып алу жөнінде тағы қандай елдермен келісімдер жүргізді?

Жауап: Қазіргі күні Денсаулық сақтау министрлігі «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай), «Pfizer» (АҚШ) вакциналарын сатып алу жөнінде келісімдер жүргізуде. 

Ресейлік «Спутник V» толыққанды клиникалық зерттеулерден өтті ме? 

Жауап: Бұл вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтіп, бірнеше айдан бері халықты иммунизациялауда пайдаланылып келеді. РФ Тікелей инвестициялар қорының ақпаратына сүйенсек, осы вакцинаны сатып алуға 50 ел тапсырыс берген. Белоруссия, Аргентина, Сербия сияқты елдерде вакцина қолданысқа енгізіліп үлгерді.

Коронавирусқа қарсы вакцинаның аллергиялық раекциясы болуы мүмкін бе?

Жауап: Кез келген вакцинаны егудің алдында дәрігер екпе алушының аллергияға бейімділігі жайлы сұрап біледі. Егер екпе алушы аллергияға бейім немесе ауыр аллегиялық дертке шалдыққан болса оған екпе егілмейді. Сонымен қатар, аллергиялық реакцияны болжап білу мүмкін емес. Өйткені әр адамның ағзасы әр түрлі. Сондықтан аллергиялық реакция туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін біраз уақыт медициналық мекемеде қала тұрған абзал. Әдетте аллергиялық реакцияның ауыр белгілері алғашқы жарты сағатта білінеді.

Вакцинаның жағымсыз немесе аллергиялық әсері туындаған жағдайда оған кім жауапты болады және мұндай шағымдармен азаматтар қайда жүгінулері тиіс? 

Жауап: Вакцинациядан кейін жеңіл немесе орта жағдайдағы жағымсыз әсерлер орын алуы ықтимал. Ол алғашқы тәулікте және одан кейінгі үш күнде әсер беруі мүмкін. Көп жағдайда қысқа мерзімді гриппке шалдығуға ұқсас күй кешу, қалтырау, дене қызуының көтерілуі, артралгия, миалгия, астения, бастың ауруы, екпе орнының ісінуі мен қызаруы, ауырсыну сияқты жағдайлар болады. 

Ал бұдан ауыр снндромдар болған жағдайда Денсаулық сақтау басқармасында санитарлық эпедидемиологиялық қызметтің мамандары тартылып, эксперттік жұмыс тобы құрылады. Әр ауыр синдромды жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес тіркеуге алынып, зерттеу жүргізіледі. Егер вакцинация кезінде  техникалық қателіктер жіберілсе, жауапты тұлғалар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Неге екпені екі кезеңде алу керек? 

Коронавирусқа қарсы вакцинаны арасына 21 күн салып екі рет егеді. Өйткені бірінші кезеңде ағзаны толыққанды қорғауға қажетті антиденелер мөлшері аз түзіледі. Екінші доза біріншінің тиімділігін арттырып, тұрақтануына жағдай жасайды. Нәтижесінде адам ағзасында антиденелер көбейеді. 

Неге коронавирусқа қарсы вакцина жылдам жасалды?

Жауап: Пандемия кезінде мұндай вакцинаның қажеттілігі арта түсті. COVID-19-ға қарсы вакцина әлемде коронавирусты жұқтырушылар саны мен көз жұмғандар санының артуына байланысты шұғыл дайындау қажеттілі жағдайында жасалды. Сонымен қатар фармацевтикалық компаниялар жаһандық қауіпсіздік мәселесі туындағандықтан вакцинаны жылдам жасап шығаруға айтарлықтай қаржы мен ресурс жұмсады. Алайда оның жылдам жасалуы оның сапасының нашарлығын білдірмейді. Өндіруші компаниялар қауіпсіздік хаттамасын басшылыққа алып, оның талаптарын белден басқан жоқ. 

 «Спутник V» вакцинасына келер болсақ, РФ Гамалей атындағы Вирусология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы бұдан бұрын жасалған вакциналардың тәжірибесіне сүйенді. Пандемияға дейін орталық SARS-CoV-2 коронавирусы тобына жататын РНК құрамды вирустарына қарсы вакцина жасаудың технологиялық платформасын іске қосқан болатын. 

Әлеуметтік желіде вакцина арқылы халықты жаппай чиптеу туралы ақпарат таратуда. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Жауап: Қазақстан Республикасынаң аумағында қолданылатын бірде-бір вакцина адамдарды чиптеу мақсатын көздемейді. Екпе алар алдында кез келген азамат препараттың инструкциясымен танысып, оның құрамы жөніндегі ақпараттан хабардар бола алады.

Вакцина ерікті болады деп айтылған. Алайда оны алуға мәжбүрлейтін жағдайлар туындамай ма? 

Жауап: Қазақстандағы вакцинация ерікті. ҚР «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі» туралы 77-бапқа сәйкес, кез келген медициналық процедура, сонымен қатар вакцинация да тек пациенттің келісімі арқылы ғана жүзеге асырылады. Қазақстанда одан бас тартушылар әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке тартылмайды.

Өзгелердің жаңалығы