Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ДСМ Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев вакцинация паспортының жалған және шынайы екенін ажырату мүмкін емес екенін айтты.
Жекелеген адамдар мен әлеуметтік желіде вакцинация паспортын сатып алуға өтініш білдіргендері туралы дерек бар. Біз ақпараттық жүйе арқылы қараймыз. Себебі онда медицина қызметкері деректерді өздері енгізеді. Жергілікті атқарушы органдар да жалған паспорт сатқандарды әшкерелеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деді Есенбаев.
Оның айтуынша, азаматтар белгілі бір медицина қызметкерлеріне жүгінеді.
Олар шынымен медицина ұйымдарында еңбек етеді. Белгілі бір сомаға базаға науқастың деректерін енгізеді. Вакцинация паспортының жалған не шынайы екенін ажырату мүмкін емес. Себебі оны қызмет істеп жүрген, вакцина салып жүрген медицина қызметкері жүзеге асырады. Бұл жерде жауапкершіліктің барлығы қызметкердің мойнына артылады. Ал жалған деректерді енгізгендерге жаза қолданылады, - деді Бейбіт Есенбаев.
Ол айтқандай, мұндай жағдайларды ақпаратты енгізген медицина қызметкерлері, медицина ұйымы және Денсаулық сақтау басқармаларының тексерістері арқылы табуға болады.
Жергілікті жерлерде азаматтарға шынымен де вакцина салынғаны туралы тексеріс жүргізілуі керек. Қазір әрбір процедуралық кабинетте камера болуы керек деген талап жоқ. Алайда бұл мәселені қарастырып жатырмыз, - деді ол.