Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Ең алдымен вакцинаны медицина қызметкерлері салдыруда.
Медицина саласында инфекциямен күресіп жүрген Атырау облысының мамандары вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайлары туралы айтып берді.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтің сөзінше, вакцинадан қорқудың қажеті жоқ.
1 ақпан күні вакцина алдым. Қазір 10 күн өтті. Организмде ешқандай қарсы реакциялар байқалған жоқ. Өзімді жақсы сезінемін. Қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін барлық азаматты вакцина алуға шақырамын, - дейді ол.
Сонымен қатар №7 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Гүлфара Елубаева да вакцинадан кейін ешқандай шағым болмағанын жеткізді.
Вакцина алмас бұрын біз дәрігерге қаралып, вакцина салдыруға рұқсат алдық. Өз еркіммен вакцина алуға келісімімді бердім. Сөйтіп, вакцина жасайтын кабинетке барып, екпе алдым. Екпеден кейін 5 минут және вакцина алғаннан кейінгі бөлмеде 30 минут бақылауда болдым. Ешқандай шағым болған жоқ. Қазір жұмысымды әрі қарай да жалғастырып жатырмын. Коронавирусқа қарсы вакцинадан қорықпау керек, - деп түсіндірді дәрігер вакцинадан кейінгі жағдайы жайында.
Одан бөлек, Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ермек Шымалиев вакцина салдырғаннан кейін дене қызуы болғанын айтты.
Облыста алғашқылардың бірі болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны алдық. Вакцина салдырған кезде ешқандай реакция болған жоқ. Екпе алғаннан кейін 30 минут күтіп, реакция байқалмаған соң қайта жұмысымызға кірістік. Кешке қарай үйге оралғанда дене қызуы болды. Алайда бұған дейін дәрігерлер бұл туралы ескерткен болатын. Себебі вакцина алған әр адамның организмі әртүрлі. Қызуы көтеріліп, екпенің орны ауырсынуы мүмкін немесе әлсіздік болуы мүмкін. Яғни адамның организміне байланысты әр түрлі реакция болады. Ертесіне дене қызуы болған жоқ. Қайта жұмысыма кірістім. Вакцина салдырғанымызға бір аптадан аса уақыт өтті. Жағдайымыз қалыпты, - деп айтты Ермек Шымалиев.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап Ресей Федерациясында өндірілген «Sputnik V» вакцинасымен жаппай вакцинациялау басталды. Алғашқылардың бірі болып осы күні Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов вакцина алды.