Вакцина шығаруда неліктен Қарағандыдағы кешен таңдалып алынды?

24 Мамыр 2021, 11:38
2146
Бөлісу:
Вакцина шығаруда неліктен Қарағандыдағы кешен таңдалып алынды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сауалға бүгін өткен тікелей эфир кезінде қазақстандық "Спутник V" Қарағанды фармацевтикалық кешенінің бас директоры Сергей Барон жауап берді.

2020 жылдың қараша айында вакцина шығару жұмыстары басталды. Ол кезде халық та коронавирусты жеңудің жалғыз жолы вакцинация екенін түсіне бастаған еді. Бірнеше мемлекет вакцина әзірлеуге бірден кірісті. Жалпы, вакцина дайындау процесі ұзақ жүреді. Бірақ пандемия жағдайын ескере отырып, бірқатар елдер аз уақыт ішінде өздерінің вакциналарын тіркеп, нарыққа шығарып үлгерді, оның ішінде ресейлік "Спутник v" да болды. Содан қараша айында екі ел президенттері арасында осы бағыттағы серіктестік жұмыстары бойынша келісім жасалды, - деді ол.

Сергей Баронның айтуынша, келісім жасалғаннан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мен ресейлік тікелей инвестициялар қорының мамандары вакцинаны қайда өндіруге болатынын анықтау үшін Қазақстанның ірі өндіріс орындарын аралап шыққан.

Негізі вакцина өндірісін екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі - ақуызды гендік-инженерлік жолмен өндіру және тазалау, екіншісі - вакцинаның дайын формасын әзірлеу өндірісі. Бірінші кезеңге келер болсақ, мұндай қуаттылығы жеткілікті өндірісі бар елдер әлем бойынша санаулы ғана. Дәл сол кезде мұндай өндіріс біздің елде болған жоқ, қазір салынып жатыр. Ал екіншісі бойынша айтар болсам, Қазақстан бойынша вакцинаның дайын формасын әзірлеуге қауқарлы жалғыз өндіріс біздің өндіріс орны екен. Себебі біз сол кездің өзінде-ақ биотехнологиялық өнім өндіретін едік. Вакцина өндіру алаңы сол себепті таңдалып алынды, - деді маман.


Өзгелердің жаңалығы