Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр орынбасарының м. а. Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Премьер-минитсрдің сайты хабарлады.
Отырысқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.
Коронавирус инфекциясына қатысты жағдай нашарлап барады, жыл басынан бері КВИ+ 5093 жағдайы және КВИ- 115 фактісі тіркелді. Соңғы тәулікте КВИ+ жұқтырудың 1510 жағдайы анықталды, — деді министрдің м. а.
Сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа өтті.
Шымкент және Алматы қалалары «сары» аймақта тұр. Қалған 14 өңір «жасыл» аймақта орналасқан. Жалпы Қазақстан Республикасы – «сары» аймақта.
Сондай-ақ вирустың репродуктивті саны өсуде. Бүгінде еліміз бойынша ол 1,5-ті құрайды, ал 5 өңірде 2-ден жоғары, тап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары.
Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы жақында анықталған коронавирустың «Омикрон» штамының таралуына, мереке күндері халықтың ішкі миграциясының жоғары болуына, профилактика шараларын жеткілікті сақтамауына тікелей байланысты. Биылғы 6 қаңтар күні еліміздің өңірлерінен 2021 жылғы желтоқсанның үшінші онкүндігінде алынған, вирустың оң белгілері бар 96 үлгіні толық геномдық секвенирлеу жұмыстары аяқталды. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 8 үлгіден (8,3%) вирустың «Омикрон» нұсқасы анықталды, оның 7-еуі Алматы қаласында және 1-еуі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді.
Сондай-ақ елімізде әлі де «Дельта» штамы басым – 71%, ал 16%-ы «Дельта плюс», 4,7% коронавирус штамының басқа да нұсқалары анықталған.
Баяндаманы тыңдаған Ералы Тоғжанов басты міндет эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу екенін атап өтті.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне 2 күн ішінде төсек-орын, дәрі-дәрмек, тұрақтандыру қорларының дайындығына және эпидемиологиялық жағдай нашарлап кеткен жағдайда әр өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің дайын болуына талдау жүргізу тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьердің м. а. жергілікті атқарушы органдарға тұрақты негізде мына жұмыстарды орындауды тапсырды:
- фильтр-кабинеттердің жұмысын күшейту, қажет болған жағдайда қосымша кабинеттерді ашу;
- ЖМКК ұйымдарына науқастар көп түскен жағдайда пациенттер ағынын реттеуді ерекше бақылауға алу;
- қоңырау шалу орталықтарының жұмысын жандандыру;
- ситуациялық орталықтардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- мобильдік бригадалардың қажетті медициналық жабдықпен жарақтандырылуын қамтамасыз ету;
- мобильді бригадалар резервін дайындау; - үйде емделіп жатқан науқастарды бақылау жұмысын күшейту;
- қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді белсенді түрде қолдану;
- пациенттерге диагноз қою мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес қарау.
Бұған қоса Денсаулық сақтау министрлігіне әр өңірдің эпидемиологиялық ахуалына тұрақты негізде мониторинг жасау, қажет болған жағдайда коронавирустың жаңа штамымен күрес бойынша өңірлердің денсаулық сақтау жүйелерінің қызметін ұйымдастыру бойынша консультативтік, методологиялық және практикалық көмекпен қамтамасыз ету, «Атамекен» ҰКП, өңірлердің әкімдіктері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, қажет болса карантиндік шараларды күшейту бойынша келісілген ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Отырысты қорытындылай келе, Е. Тоғжанов эпидемиологиялық жағдай болжамы халықтың вакциналаумен және ревакцинациямен қамтылу көлеміне тікелей байланысты болатынын, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі тиіс екенін айтты.