Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы вирусқа шалдыққан адамдардың санына негіз бола алмайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
Ол ұжымдық иммунитетке қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұжырымын келтірді.
Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін көп адам ауыру керек деген түсінік дұрыс емес. Дүниежізілік денсаулық сақтау ұйымы оны қалыптастыратын вакцинация екені жөнінде тұжырым жасады. Сондықтан вакцина қолданысқа енгенге дейін санитарлық талаптарды орындауымыз қажет, - деді ол.
Сондай-ақ, министр коронавируспен симптомсыз ауырғандардың бойында антидене – бір айға жуық, ауыр және орташа сырқаттанғандардың бойында 3-5 айға жуық сақталатынын атап өтті.
Сондықтан егер Қазақстанда вирустың шарықтау шегі маусым-шілде айларына келді десек, қараша, желтоқсан айларында жазда ауырғандар қайта ауыруы мүмкін деген сөз, - деді Алексей Цой.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі және көршілес мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайды бақылап отыр. ТМД елдерімен салыстарғанда Қазақстанда вирустың таралу деңгейі төмен. 14 қазандағы жағдай бойынша елде вирусқа шалдыққандар саны – 108 984, өткен тәуілікте 83 адам тіркелді. 1776 адам көз жұмды. ПТР тестілеумен коронавирус расталмаған 35 234 адам тіркелді. Өткен тәуліктегі олардың саны – 321. ПТР тестілеумен вирус расталмаған жағдай бойынша көз жұмғандар саны – 373 адам.