Ұлытау ауданында Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жанындағы Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
QazaqGeography-дің хабарлауынша, талқылауға Ұлытау облысының қоғамдық белсенділері мен кәсіпкерлері - кеңес мүшелері қатысып, паркті дамыту мен туристік инфрақұрылымды жақсартудың негізгі мәселелеріне назар аударды.
Кездесудің негізгі тақырыбы парктің 2024 жылғы жұмыс қорытындылары мен рекреациялық мүмкіндіктерді одан әрі дамыту перспективалары болды. Негізгі мәселелердің бірі Арғанатыға жақын орналасқан Ақжар тауларын парк құрамына қосу болды. Бұл шешімді барлық қатысушы қолдады. Мұндай қадам аумақты абаттандыру және туристерді тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтіліп отыр.
Үйлестіру кеңесі сондай-ақ келушілерге ыңғайлы болуы үшін абаттандырылатын Едіге тауына баратын бағытты қоса алғанда, жаңа туристік бағыттар құру жоспарын бекітті.
Талқылаудың маңызды бөлігі жергілікті кәсіпкерлермен өзара жұмыс жасау болды: жалға алынған жер учаскелерінде рекреациялық қызметтерді дамыту үшін олармен шарттар жасасу туралы шешім қабылданды. Бұл туристердің демалуына қолайлы жағдай жасауға және өңірдің экономикалық дамуын қолдауға мүмкіндік береді.
Үйлестіру кеңесінің жұмысы ұлттық паркті дамытуда маңызды рөл атқарады. Барлық мүдделі тараптың үйлесімді іс-қимылы Ұлытаудың бірегей табиғатын сақтап қана қоймай, туризмді дамытуға ықпал етеді, бұл өңір үшін де, бүкіл ел үшін де маңызды, - деп QazaqGeography РҚБ өкілі Олжас Мысыр түсіндірді.
Қабылданған шешімдер Ұлытау ұлттық паркін экотуризм дамыған аймаққа айналдыруға және өңірдің бірегей табиғатын сақтауға бағытталған.
Айта кетейік, Ұлытауда экотуризмді дамыту бойынша жұмысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің (ҚР ЭТРМ) және БҰҰДБ «Тұран жолбарысын реинтродукциялауға жағдай жасау және Ұлытау тау алқабының табиғи және тарихи-мәдени объектілерін сақтауға жәрдемдесу» жобасы аясында жүзеге асырып жатыр.
Бұған дейін Ақжар таулары жайлы жазған едік.