Үйдің қымбаттауына себеп болған 3 фактор немесе үй бағасы тағы 30%-ға қымбаттай ма?

29 Қыркүйек 2021, 15:28
8869
Бөлісу:
Үйдің қымбаттауына себеп болған 3 фактор немесе үй бағасы тағы 30%-ға қымбаттай ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев алдағы жылы үйдің бағасы тағы 30%-ға қымбаттай ма деген сауалға қатысты пікірін білдірді.

Болжам бойынша былтыр тұрғын үйдің бағасы 13-15%-ға өсті. Оған үш фактор себеп болды. Біріншісі, 2020 жылы өндіріс тоқтағандықтан, кейінге қалдырылған сұраныс болды. Екіншіден, пандемияға байланысты логистикалық проблема туындады. Оның ішінде құрылыс материалдарын шетелден тасымалдау бойынша. Үшіншісі, ең үлкен фактор – зейнетақы қорынан бөлінген қаржы. Яғни осы уақытқа дейін зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге алып, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік болды, - деп атап өтті вице-министр.

Айтуынша, осы үш фактор әсерінен тұрғын үй бағасы 13-15%-ға көтерілген.

Алдағы уақытта мұндай факторларға болжам жасап та, күтіп те отырған жоқпыз. Сондықтан тұрғын үйдің бағасы 30%-ға көтеріледі деген орынсыз деп ойлаймын. Оны нақты өндірілетін құрылыс материалдарымен байланыстыратын болсақ, елімізде құрылыс материалдары тұрақты шығарылып жатыр. Бағасы да тұрақты. Кей жерде жылдың басында болған баға жыл ортасына келгенде төмендетілді. Ішкі нарықтың 60%-ы толық отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіледі, - деп толықтырды Марат Қарабаев ОКҚ-да.

Өзгелердің жаңалығы