Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Үйде 5 есе көп жұмыс істейді": Әйелдердің мансап жолында қандай кедергілер бар?

Бүгiн, 19:57
126
Бөлісу:

Астанада өткен Qazaqstan NEXT 2026 форумында KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина әйелдердің мансабын жалғастыруына кедергі болып отырған негізгі факторларға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, әйелдердің кәсіби дамуына әсер ететін ең үлкен себептердің бірі – отбасы тарапынан қолдаудың сирек болуы және үй шаруасының тең бөлінбеуі. Бұл жағдай әйел жұмысқа шыққан күннің өзінде өзгермей, үй ішіндегі міндеттің негізгі бөлігі сол күйі әйелдің мойнында қала береді. Ахмурзина мұны 2024 жылғы World Force in Women зерттеуіндегі деректермен де байланыстырды: зерттеу әйел адамның үй ішіндегі жұмысты ерлерге қарағанда 5 есе көп атқаратынын көрсеткен.

Әйелді отбасы қолдап, "бар, мансап жаса, дамы" деп айтатын жағдай өте сирек. Тіпті өте-өте сирек. World Force in Women деген соңғы зерттеуде, 2024 жылғы деректе, әйел адам отбасында ерлерге қарағанда үй шаруасын 5 есе көп атқаратыны жазылған. Жұмысқа шықса да, тіпті 50 пайыздық жүктемемен жұмыс істесе де, үйдегілердің ешқайсысы “үйдегі жұмысты қысқартайық” деп ұсынбайды, – деді Ләззат Ахмурзина.

Спикердің сөзінше, дәл осы теңсіз жүктеме әйелдің мансабына тікелей ықпал етеді. Әйел белгілі бір белеске жетіп, тәжірибесі қалыптасып, жаңа қызметтер ұсыныла бастайтын кезеңде өсудің орнына, көп жағдайда ішкі және сыртқы қысымнан кейін мансаптан бас тартуға мәжбүр болады. Себебі мұндай режимді ұзақ уақыт бойы көтеру физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да қиын.

Осындай жағдайда әйел бір кезеңде өсіп, белгілі бір деңгейге жеткен кезде мансаптан бас тартады. Өйткені ол бір сәтте “мен мұны физикалық тұрғыдан көтере алмаймын” деген шындыққа тіреледі. Ең өкініштісі – дәл осы кезеңде оған жаңа позициялар ұсыныла бастайды, тәжірибесі жиналып, жоғарылауына жол ашылатын сәт туады. Бірақ сол уақытта отбасын ер адам таңдағаннан емес, әйелдің өзі отбасын таңдауға мәжбүр болады, – деді ол.

Форумда айтылған тағы бір маңызды мәселе – әйелдің бала туып, жұмысқа қайта оралуы. Ахмурзинаның пікірінше, бұл кезең әйел үшін үлкен үзіліс қана емес, жаңа ортаға бейімделу тұрғысынан да ауыр сынақ. Өйткені ұжым өзгереді, талап күшейеді, бәрі жылдам жаңарады. Ал бұрынғы жетістік, бұрынғы мәртебе көп жағдайда жаңа ортаға аса маңызды болмай қалады – нәтиже дәл қазір сұралады. Осы тұста әйелдерге қайта бейімделуге уақыт қажет, сондай-ақ жұмыс орнында қауіпсіз орта, қолдау жүйесі болуға тиіс.

Бұл қолдау не үшін керек? Өйткені мәселе тек бір әйелдің тағдырында емес. Бұл – сіздердің әйелдеріңіз, аналарыңыз, әпке-қарындастарыңыз. Ал ертең бұл сіздердің қыздарыңыздың да басынан өтеді. Сондықтан егер бүгін осындай бағдарламалар жасалмаса, бәрі жай ғана ұран болып қала береді. Ұран – көп, ал іс жүзінде ештеңе жоқ, – деді Ахмурзина.

Оның айтуынша, әйелдердің кәсіби жолда алға шығуы көбіне компаниядағы ішкі саясатқа да тәуелді. Қауіпсіздік, әйелдерді дамытуға арналған нақты саясат, кері байланыс, психологиялық қолдау бар жерде әйел өзін еркінірек сезінеді, кәсіби тұрғыда өсуге дайын болады. Ал қолдау жоқ ортада әйелдің өзіне сенімсіздігі күшейіп, "мен бұл жұмысты атқара аламын ба?" деген күмән тұрақталып, одан бөлек бағаланбай қаламын деген қорқыныш та әсер етеді.

Сөз соңында спикер жұмыс орнындағы көзқарас айырмашылығын да атап өтті. Оның пайымынша, ер адам жұмыста сүрінсе – бұл кәсіби сәтсіздік ретінде қабылданады, ал әйел қателессе, ол "әйел болғаны үшін" сәтсіздік сияқты бағаланып, сол әсер автоматты түрде басқа әйелдерге де телініп кетеді.

Еске салайық, елордада жаһандық трендтерге арналған Qazaqstan NEXT 2026 форумы өтті.

Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болды.

Өзгелердің жаңалығы