Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент мегаполистер мен облыс орталықтарының маңайындағы аймақтарда экопарктер құру қажеттігін айтты.
Елорда тұрғындарының көбі демалыста немесе мереке күндері әдетте Бурабайға барады. Жол қашық. Оның үстіне табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай салмақ түседі. Сондықтан Астана маңайында экосаябақтар ашатын уақыт жетті. Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырамын, - деді Президент.
Мемлекет басшысы демалыс аймақтарында тәртіп пен тазалықты сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Тағы да қайталап айтамын, ол жерлерде де тазалық болуға тиіс. Бурабайда не болып жатқанын қараңыздар. Ұят жағдай. Ұлттық қорықты бүлдіріп жатқан бөгде ғаламшарлықтар емес, өзіміздің халқымыз ғой, - деді ол.