Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов сахнада әдепсіз әрекет көрсеткен "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ға қатысты пікір білдірді.
Ашығын айтқанда, ұят жағдай болды. Олар жазаларын алды. Әкімшілік жазаға тартылғанын бәріңіз білетін боларсыздар. Мұндай мәселеге ешқандай мемлекеттің басқаша көзқарасы болмайды. Оны әр азамат білуі керек, - деді Тоғжанов.
Үкімет мүшесі тудың мәні мен мағынасын, маңызын бәрі түсінуі керегін айтты.
Бабаларымыз осы кең байтақ жерімізге туды тігіп, сақтап қалған. Оны әр уақытта есімізде ұстауымыз керек. Тудың қадірін кешегідей жағдай болғанда ғана емес, әрдайым біліп жүруіміз қажет, - деп түсіндірді ол.
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Astana Hub-та жастармен кездескен болатын.
Үкімет мүшесімен кездесуге ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері, Президенттік Жастар кадрлық резерві, жастар ұйымдарының өкілдері, жас кәсіпкерлер, жас ғалымдар және белсенділер қатысты.
Кездесу барысында жастар саясатын іске асыру, жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар мәселелері, биылғы 20 мамырда Парламент Сенатында өткен тыңдаулардың ұсынымдарын іске асыру алгоритмдері, сондай-ақ Конституцияға түзетулер бойынша өтетін алдағы референдумның міндеттері талқыланды.
Сондай-ақ жастар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, толық жауаптар алуға, жастардың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ жастар саясатын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтуға мүмкіндік алды.
Бұған дейін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бұдан былай сахнада былапыт сөздер айтып, есірткі пайдаланып, ішімдік ішіп шыққандарды сахнадан 5 жылға шеттету туралы ұсыныс айтты. Сонымен қатар рәміздерді қорлағандарды 5 жылға дейін жазалауды ұсынды.