Үй жануарларын есепке алу басталды

1 Мамыр 2023, 17:35
1695
Бөлісу:
Үй жануарларын есепке алу басталды
Фото: автордан

Павлодар облысында үй жануарларын стерильдеу, таңбалау мен тіркеуге 55 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Ит-мысықтарды таңбалау шаралары жекеменшік клиникаларда басталды. Мал дәрігерлерінің мәліметінше, процедура бағасы 4,5 мың теңгені құрайды. Алайда әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын тұрғындар үшін бұл қызмет тегін.

Облыстық ветеринария басқармасы лицензиялау және ветеринария бөлімінің басшысы Ғалым Бейсеновтың айтуынша, жануарларға жауапкершілікпен қарау заңы 2022 жылдың наурыз айында күшіне енді.

Ал заңнаманың жануарларды есепке алу туралы 11-бабы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында күшіне енеді. Сол себепті ит немесе мысық иелері жануарларын тіркеуге қоюға міндеттеледі. Қазіргі уақытта облыста «Таңба» атты ақпараттық жүйе іске қосылған. Бірыңғай базаға төрт аяқтылардың мекенжайы, түрі, жынысы, жасы, екпелер туралы ақпарат және жеке номері енгізіледі. Осы мәліметтер жануардың жоғалуы кезінде қажет болады. Қаңғыбас ит-мысықтарды аулау қызметі де бұл ақпаратты пайдалана алады. Сонымен қатар теңіз шошқалары, үй атжалмандары мен күзендері де тіркелуі шарт, - дейді Ғалым Бейсенов.

Бұралқы жануарларды аулау қызметі де жаңа заңнама бойынша өзгерістерге ұшырады. Енді қаңғыбас иттерді атуға болмайды, ал ұстау кезінде зиян келмеуі тиіс.

Жыл басынан бері 600-ге жуық жануар ауланды. Бір бөлігін панажайларға тапсырсақ, адамдарға зиян келтірген, агрессивті иттерді ұйықтатуға мәжбүр болдық. Бүгінде қала бойынша екі аулау қызметі жұмыс істейді. Бұл аздық етеді. Осы күнге дейін тұрғындар тарапынан иттерге қатысты 400-ден астам шағым түскен. Олардың әрқайсысы бойынша шара қолдануға тырысамыз, - дейді Ғалым Бейсенов.

Айта кетейік, облыста иесіз жануарларға арналған төрт панажай бар. Әрқайсысында 200 ит орналастырылған. Өкінішке қарай, орталықтар толық. Мамандардың пікірінше, мәселені тек мемлекеттік панажай салу арқылы ғана шешуге болады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайын. Сараптамадан өткен соң тиісті шаралар қолға алынады. Әзірге жер учаскесі бөлінген.

Өзгелердің жаңалығы