Көктемде елдің бірнеше өңіріндегі ауыл-аймақ пен кейбір қалаларды қызыл су басты. Тұрғындар қора толған мал мен баспанадан айырылды. Үкімет қарауынан ешкім шет қалмады, тиісті өтемақы алып жатыр. Бірақ үйі су астында қалған тұрғындардың арасында проблемарын шеше алмай жатқандары да бар. Редакциямызға СҚО Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғындары хабарласып, жергілікті әкімдікпен бір шешімге келе алмай жатқандарын айтып, мәселенің мән-жайын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бескөл ауылдық округі - Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы ауыл. Халық саны шамамен 9-10 мың адам.
Айтжан Әбішева ауылдағы Сергей Киров көшесінде тұрады. Көктемде қар еріп, баспанасы қызыл су астында қалды. Үй әлі қалпына келмеген. Қазіргі жағдайын Айтжан Әбішева редакцияға хабарласып, баяндап берді.
“Таңертең киіміміздің бәрі дымқыл басып тұрады”
Айтжан Әбішеваның айтуынша, биыл сәуір айының 13-і күні ауылды еріген қар суы басып қалды. Қызыл су Есіл өзенінің арнасымен келіп, Прибрежный ауылына өтіп, кейін ол жақтағы сай-сала тегіс суға толып, екі ауылдың ортасындағы қоршауды бұзған. Артынша Бескөл ауылына жеткен.
Тасқын болғанда үйде едім, жағдайдың бәрін өз көзіммен көрдім. Тасыған су бар болғаны жарты сағатта үйімді түгел басып қалды. Үйім екі қабатты. Бірінші қабатын су алып кетті. Қар суы екі рет келген де, үйімді су басты, - деп ауыл тұрғыны су тасқыны болған күнді есіне алды.
Айтжан Әбішеваның сөзінше, жергілікті әкімдіктен комиссия келіп, үйдің жағдайын көрген.
Комиссия келді. Бірақ үйді жөндеу керек деп бой бермей жатыр. Мен жеке сарапшыларды шақырдым. Қолымда 4-ші санаттағы “үй тұруға жарамсыз” деген құжатым бар. Алайда комиссия күрделі жөндеу жүргізіп, қайта қалпына келтіруге болады деп отыр. Бірақ жаңбыр жауған сайын үйдің ішіне су қайта келіп жатыр. Әкімдіктің 5 адамнан құралған комиссиясы үйдің ішіндегі суды, дымқылды көре тұра, көз жұма қарап отыр, - деп шағымданды тұрғын.
Сөзінше, қазір үйдің мүшкіл жағдайда тұрғанына 4 айға жуықтаса да, ешқандай шешім жоқ.
Міне төртінші айға жуықтады. Ешқандай шешім жоқ. Біз шаршадық. Осы уақытқа дейін туған-туыстарымыздың босағасын жағалап жүрген едік. Енді үйіміздің екінші қабатына келіп тұрып жатырмыз. Таңертең тұрғанда киіміміздің бәрі дымқыл басып тұрады. Үйдің ішінде иіс бар. Осының бәрін көре тұра, көз жұмып отыр. Бармаған жеріміз жоқ. Облыстық прокуратураға да арыз жаздық. Енді әрі қарай не болатынын білмеймін. Әкімдіктің (Бескөл ауылдық өкругінің әкімдігі – ред.) алдына күнде келеміз. Есіктерін сипап кетеміз. Бізге ештеңе түсіндірмей жатыр, - деп айтты Айтжан Әбішева.
Оның үйі өзенге жақын орналасқан. Көктемде екі рет су тасқыны болғанда үйінің бірінші қабаты толығымен судың астында қалған. Су бір айдан аса уақыт бойы тұрған.
Үйіме сараптама жасайтындар келді. Бірақ есікті ашты да, қайта жаба салды. “Әрі қарай мен кірмеймін” деді. Өйткені олар (кіруге) жиіркенді. Енді өздері келіп тұрып, үйімді қалай 5 млн теңгеге бағалағанын білмеймін. Соны түсінбедім. Мен оларға шешіммен келіспейтінімді және ол үйде тұрмайтынымды айттым, - дейді ауыл тұрғыны.
Айтжан Әбішеваның айтуына қарағанда, әкімдік оған үйін жөндеуге 5 млн теңге бермекші, бірақ тұрғын онымен келіспей отыр.
“Үй көгеріп, дымқыл тартқан”
Тұрғын басты талабы қандай екенін айтты.
Сарапшылар үйімді қайта тексеріп, оны авариялық деп танығанын қалаймын. Оны олар мойындағысы келмей отыр. Құжатта авариялық жағдайда тұрғаны жазылып тұр. Міне бүгін жаңбыр жауды. Үйдің ішіне қайтадан су кірді. Ол жерде тұруға болмайды. Үй тіпті көгеріп, дымқыл тартқан, - деп отыр ол.
Әбішева жеке сараптама комиссиясын шақырып, үйін сараптамадан өткізген. Құжатта үйдің тұруға жарамсыз екені жазылған. Алайда әкімдіктің комиссиясы оған басқаша сараптама шығарып отыр.
Айтжан Әбішеваның үйі 2015 жылы салынған. Қазір үйде өзі, жұбайы және ұлы үшеуі тұрады. Соңғы жөндеу жұмысын биыл наурыз айында жасаған. Үй иесінің айтуынша, қазір оның үйінің нарықтағы бағасы шамамен 25 млн теңгеден асады.
Су тасқыны болған кезде жергілікті әкімдік тұрғындарға біржолы әлеуметтік төлемдер берген. Айтжан Әбішева біржолғы 369 мың теңгені, одан кейін мүлікке берілген көмекті алған.
Бескөл ауылы тұрғынының айтуынша, әкімдіктің сараптамасымен 8 үй келіспей отыр.
Қызылжар ауданы әкімдігі мәселені қалай шешеді?
Қызылжар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметімен байланысып, тұрғындар көтерген мәселенің жауабын білуге тырыстық.
Аудан әкімдігі Киров, Береговая, Қарасай батыр көшелері тұрғындарының өтініштеріне қатысты мынадай жауап берді.
Әкімдік мәліметінше, “Қызылжар аудандық СҚ, ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі” КММ тапсырысы бойынша “Единая сервисная служба” ЖШС техникалық тексерулер өткізілді. Сонымен қатар әрбір үйдің техникалық ерекшелігін есепке ала отырып жөндеу жұмыстарын өткізуге смета құрастырылды. Техникалық тексеру қорытындысы бойынша үйлердің құрылыс құрылғыларының жағдайы жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жарамды деп танылған.
Бағалау және зардап шеккендердің шығынын өтеу бойынша комиссия отырысының қорытындысы бойынша техникалық қарау қорытындысы айтылды, қорытындымен зардап шеккендер келіскен жоқ. Нақты жағдаймен танысу үшін техникалық компания өкілдерімен бірлесе бірнеше рет объектілерге барды. Көшпелі комиссия қорытындысы бойынша тексерілген үйлердің конструктивтік ерекшелігі, мықтылығы, төзімділігі және ғимараттардың тұрақтылығы құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес, техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп танылды. Тұрғындардың келіспеуіне байланысты осы тұлғаларды шақырумен комиссия отырысын өткізу және жеке тәртіппен тұрғындардың тапсырысы бойынша дайындалған “Эксперт групп KZ” ЖШС техникалық қорытындысы нәтижелелерін қарастыру жоспарланған, - делінген аудан әкімдігінің редакциямызға берген жауабында.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Қызылжар ауданында су тасқынан барлығы 1 546 үй зардап шеккен. Комиссияда 1 400-ден аса іс қарастырылды, соның ішінде 300-ден астам үй апаттық деп танылған.
Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Премьер-министр сайтының мәліметінше, 70 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. Зардап шеккен аймақтарда тұрғын үйлердің 100%-ы тексерілді. Жалпы сомасы 44,2 млрд теңгеге 7 823 отбасы баспанасын жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды.
3 987 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтерлерге қоныстанды. 2 578 үй салынып жатыр. 34 023 отбасы 12,5 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.
20 913 отбасына жалпы сомасы 9,5 млрд теңгеге 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін қосымша өтемақы төленді. Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 1,5 млрд теңгеге 252 өтінімі қаралып, мақұлданды.