Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев хабарлады.
Ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын әріптестеріміз, осы сала өкілдері ауыл шаруашылығы техникасы құнының утильалым кесірінен қымбаттап бара жатқаны туралы мәселе көтерді. Бұл да шындыққа жанаспайды. Статистикаға жүгініп көрейік. Былтыр елімізде қанша трактор, комбаин сатылған болса, соның 89%-ы отандық өндірушілерге тиесілі. Яғни ауыл шаруашылығына қажетті трактор мен комбаин сатып алған кәсіпкерлердің 89%-ы утильалым төлемеді. Бұл ресми дерек, ресми статистика, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол утильалымды төлемеудің қандай жоддары бар екендігіне тоқталды.
Мысалы, утилизациялық алым салынған соң оны төлемеудің жолы бар. Егер өндірісті өзімізде ашсақ, кәдеге жарату алымы төленбейді. Ауыл шаруалығымен айналысатын мамандар жақсы біледі. Бұл салада Беларусьтың МТЗ тракторына сұраныс жоғары. МТЗ бізге келіп зауыттарын ашты. Тіпті, әрі қарай локализацияға барып, кабинасын толық осында өндіретіндей деңгейге жеттік. Сонымен қатар Ловол, Киревец, YTО деген брендтерге де сұраныс бар. Былтыр комбайн, биылдан бастап тракторлар өзімізде өндіріледі. Бұл техникаларға ешқандай утильалым төленбейді, - деді Марат Қарабаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін вице-министр былтыр көлік сатып алған қазақстандықтардың 65%-ы утильалым төлемегенін айтқан болатын.