Қазақстанда ұстаз мәртебесі мен беделі мәселесі қоғамның күн тәртібінен түспей келеді. Дәстүрлі түрде ұстаз – елдің абыройы деп саналса да, соңғы жылдары мұғалімдердің күнделікті тәжірибесінде олардың беделіне жасалатын қысым жиілеп кеткені байқалады. Әлеуметтік желілерде ұстаздарды сөгіп, кейде қол жұмсау оқиғалары да тіркелуде, бұл педагогтардың кәсіби сенімділігін төмендетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Заңдық қорғаныс: нақты қадамдар
2019 жылы Қазақстанда алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бұл заң педагогтардың құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және кәсіби мәртебесін қорғауды мақсат етеді. Заң ұстаздарды артық міндеттерден босату, кәсіби этика мен дамуға құқық беру секілді маңызды нормаларды бекітеді.
2025 жылғы тамызда өткен Республикалық ұстаздар конференциясында Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаев ұстаздардың құқықтары мен абыройын қорғауды бірінші орынға қою қажеттігін тағы да нақты атап өтті. Оның сөзінше, ұстаздың жұмысы тек білім беруден тұрып қана қоймайды, ол – ұлттың болашағын қалыптастыратын стратегиялық миссия.
Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Біз ұстаздарды өз міндетінен тыс жұмыстардан босаттық, бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады, мұндай жағдайға жол берілмеуі керек. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Заң жобасында ұстаздарды кәсіби міндетінен тыс әрекеттерден қорғау, сондай‑ақ ата‑ана мен оқушы тарапынан заңсыз қысым көрсетілген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастыру көзделіп отыр. Бұл өзгерістер педагогтардың кәсіби сенімділігі мен құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Кейбір мұғалімдер ұстаз мәртебесінің тек заңда ғана емес, күнделікті өмірде де қорғалуы қажеттігін айтады. Бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Махажанова өзінің ұзақ жылдық тәжірибесіне сүйене отырып өз пікірімен бөлісті.
Қазір бізде бедел, мәртебе деген атымен жоқ. Ата-аналар кейде бізді қолдаудан қалып барады. Біз сабақты оқытумен ғана емес, тәрбиеші, психолог болуға мәжбүрміз. Оқушылардың кейбірі ата-аналарының ықпалымен бізге қарсы шығып, тәртіп бұзса да, жауап бізде болады. Әлеуметтік желілерде кез келген сәтті түсірілген видеонұсқа ұстазды жағымсыз күйге түсіреді. Кейде мектеп басшылығы да ата-аналардың шағымына сүйене отырып, ұстаздың беделін толық қорғамайды. Осы жағдайлар бізді қосымша қауіпсіздік пен қолдауға мұқтаж етеді. Біз заң мен мектеп ережелерін сақтап, оқушыны тәрбиелегіміз келеді, бірақ кейде өзіміздің кәсіби құқығымыз қорғалмағандай сезінеміз, - дейді мұғалім.
Гүлшат мұғалімдердің күнделікті тәжірибесінде кездесетін осындай қиындықтар ұстаз мәртебесін қорғаудың тек заңдық қадамдармен шектелмейтінін көрсетеді. Педагогтардың пікірі бойынша, ұстаз мәртебесін көтеру үшін заңмен бірге қоғамның, мектеп әкімшілігінің және ата-аналардың да қолдауы маңызды.
Заң жеткілікті ме?
Қазақстанда ұстаз мәртебесін қорғауға бағытталған заң қабылданғанымен, оның іс жүзіндегі тиімділігі өңірлерге қарай әртүрлі бағаланады. Кейбір аймақтарда заң талаптарының орындалуы нашар, мектеп әкімшілігі мен жергілікті білім басқармаларының қадағалауы жеткіліксіз. Бұл педагогтардың құқықтық қорғалуын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сарапшылар заң нормаларының нақты орындалуын бақылау жүйесін күшейту, құқықтық қорғанысты нығайту, сондай-ақ қоғамның ұстазға деген көзқарасын өзгерту қажеттігін ескертеді.
Сонымен бірге, кейбір өңірлерде сертификаттау мен кәсіби бағалау жүйесі мұғалімдердің наразылығын тудырады. Педагогтар жаңа жүйенің критерийлері нақты емес және кейде орындалуы қиын деп есептейді. Жалақының төмендеуі, әлеуметтік жеңілдіктердің толық ескерілмеуі де ұстаздарды кәсіби тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да алаңдатады.
Бұдан бөлек, кейбір мұғалімдер өз тәжірибесінде заң талаптарының мектеп деңгейінде толық жүзеге аспайтынын атап өтеді. Мысалы, қосымша сабақтар мен мерекелік іс-шараларға қатысу міндеттері әлі күнге дейін ұстаздардың негізгі жұмыс кестесіне қосылып, олардың кәсіби уақытын қысқартып отыр. Мұның бәрі педагогтардың психологиялық жағдайына әсер етіп, олардың кәсіби сенімділігін төмендетеді.
Сарапшылардың пікірінше, ұстаз мәртебесін көтеру тек заң арқылы шешілмейді. Педагогтар қоғам тарапынан қолдау, ата-аналардың сыйластығы, мектеп әкімшілігінің әділ бағалауы арқылы да қорғалуы тиіс. Заң – маңызды құрал, бірақ ұстаздардың беделін шын мәнінде көтеру үшін әлеуметтік, мәдени және психологиялық аспектілер де ескерілетін кешенді шаралар қажет.
Шетелдік тәжірибе: ұстаз мәртебесін көтерудің тиімді жолдары
Дамыған елдерде ұстаз мәртебесі жоғары деңгейде бағаланады, педагогтардың жалақысы бәсекеге қабілетті және олардың құқықтары заңмен қорғалған. Мысалы, Финляндияда мұғалімнің мәртебесі қоғамда аса жоғары, педагогтар кәсіби даму курстарына тұрақты қатысып, еңбегінің бағалануы жүйелі түрде жүзеге асады. Жалақы деңгейі елдегі орташа көрсеткіштен едәуір жоғары, бұл мамандыққа сұранысты арттырады.
Қытайда мұғалімдердің жалақысы мемлекеттік қызметкерлерден кем болмауы тиіс деп белгіленген, ал Жапонияда педагог мамандығы арнайы заңмен қорғалуда. АҚШ пен Еуропаның бірнеше елінде, оның ішінде Австрия, Бельгия, Канада, Испания, Португалияда ұстаздар мемлекеттік қызметкер мәртебесінде саналады, бұл олардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етеді және қоғамда беделін арттырады.
Қазақстанда соңғы жылдары ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған заңнамалық және әлеуметтік қадамдар жасалып келеді. Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы өсті, кәсіби дамуға жағдай жасалды, қосымша әлеуметтік қолдау түрлері енгізілді. Бірақ шетелдік тәжірибеден көріп отырғанымыздай, ұстаз мәртебесін көтерудің тиімділігінің басты кепілі – заңдық нормалармен қатар, қоғамның ұстаз еңбегіне деген құрметі мен әлеуметтік қолдауы.
Заң – маңызды, бірақ бастысы – қоғам мен ұстаз арасындағы сенім мен сыйластық. Ұстаз мәртебесін қорғау тек заң арқылы емес, қоғам тарапынан құрмет көрсету арқылы да қамтамасыз етілуі керек. Бүгінгі ұстаздар – ертеңгі ұрпақтың тікелей қалыптастырушылары, сондықтан оларға деген құрмет әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз болуы тиіс.
Ұстаздың беделі мен мәртебесі – тек құқықтық қорғау емес, қоғамның мәдениетінің, тәрбиелік дәстүрінің айнасы. Заң бұл жолдағы алғашқы маңызды қадам, ал қоғамның көзқарасы мен қолдауы – соңғы шешуші фактор.