26 наурызға қараған түні Усть-Лугадағы газ өңдеу кешенінің «Велесстрой» жүк тиеу терминалы аумағында жаппай төбелес болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға тұрмыстық түсінбеушіліктен туындап, ауыр салдарға әкелмеген.
Вахташылар тобының мүддесін қорғап жүрген прораб Саурбек Бекжановтың айтуынша, жанжал қарапайым түсінбеушіліктен басталып, арты төбелеске ұласқан.
Біз Ленинград облысында, Усть-Луга маңында жұмыс істейміз. Сол күні кәдімгі жұмыс барысындағы түсінбеушілік болды. Қауіпсіздік қызметі өкілдерімен келіспеушілік туындап, соның салдарынан төбелес шықты. Алайда ауыр зардап жоқ — ешкім қаза тапқан жоқ, ауыр жарақат алғандар да тіркелмеді. Жалпы, бұл тұрмыстық жағдай, қазір бәрі аяқталды, — деді ол.
Оның сөзінше, оқиғадан кейін жергілікті ресми органдар келген. Қазір жағдай толық бақылауда, құзырлы мекемелермен байланыс орнатылған.
Қазақстан консулдығының өкілдері келді, басқа да жауапты тұлғалар болды. Қазір бәрі заң аясында қаралып жатыр, біз ресми органдармен тұрақты байланыстамыз. Ешқандай қауіп жоқ, барлығы қалыпты жағдайда, жұмыс жалғасып жатыр. Уайымдауға негіз жоқ — жағдай тұрақты әрі бақылауда. Нысандағы ахуал қалыпқа келді, — деп атап өтті Саурбек Бекжанов.
Тағы бір жұмысшы Мейржан Сансыбай әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың асыра айтылуы мүмкін екенін жеткізді.
Біз мұнда ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеміз, сондықтан айта аламыз — ешқандай күрделі жағдай болған жоқ. Иә, белгілі бір оқиға болды, бірақ ол ауқымды немесе қауіпті сипатта емес. Қазір бәрі тыныш, ешкім зардап шеккен жоқ. Жағдай қалыпты, алаңдауға себеп жоқ, — деді ол.
Бұл жағдайға Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Адам Делимханов та пікір білдірді. Оның айтуынша, Чечен Республикасы өкілдері оқиға орнына барып, жағдайды реттеуге қатысқан.
Біздің өкілдер Усть-Лугаға барып, Қазақстанның Бас консулымен және құқық қорғау органдарымен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар өзара түсіністікке келді. Барлық мәселелер конструктивті түрде шешілді, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл жанжалдың ұлтаралық немесе діни астары жоқ.
Бұл тек тұрмыстық сипаттағы жанжал. Оның діни немесе ұлттық мәселелерге қатысы жоқ. Қазір жағдай толық шешілді, шиеленісуге негіз жоқ. Мұндай оқиғаларды ұлтаралық қақтығыс ретінде көрсетуге жол бермейміз, — деп қосты ол.
Қазіргі уақытта өңірдегі жағдай тұрақты. Оқиғаның барлық мән-жайы тиісті органдар тарапынан тексерілуде.