Гуанжоудан Алматыға ұшқан әуе рейсінде жолаушы қайтыс болды. Жолаушы жағдайы әуеге көтерілгеннен кейін 1 сағаттан соң нашарлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға куәгері Әділет Байнашев бортсеріктердің жылдам әрі тәжірибелі көмек көрсеткенін айтады.
Ол жолаушылар тура менің артымда отырған. Әйел кісі, жанында жұбайы бар. Бортсерік шай ұсынған шақта жолдасы бақилық болғанын біліп, ұшақ іші шу болып кетті. Бірақ бортсерік қыздар бар көмегін жасаса да, аман алып қала алмады, - дейді ол.

Сондай-ақ ұшақ ішінде апаны бір орынға жатқызып, қонған соң багаждарын алып сыртта күтіп тұрған балаларына жағдайды естірткенін жазады.
Қалған 3 сағат бойы апаның жолдасымен әңгімелесіп келдім. Қытайға емге барған екен. «Балаларыма аман-есен жеткізсем деп едім» деп қайғырып отырды, - дейді ол.
Осы оқиғадан соң ол әр ұшаққа бір дәрігер берілуі керек дейді.
Біз дәрігер таппадық. Неге медицина қызметкерлері борт ішінде жүрмеске? Осы мәселеге үкімет зер салса, - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Гуанчжоудан Алматыға бағыт алған әуе рейсінде жолаушы қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.