Мемлекет басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді, - делінген жеделхатта.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сағат 11:10-да Ақтау қаласының маңында "Баку-Грозный" бағытындағы ұшақ апатқа ұшыраған еді. Апатқа ұшыраған ұшақта 6 қазақстандық болған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Бас прокуратура Ақтау маңындағы әуе апатын тергеу үшін ведомствоаралық тергеу-оперативтік топ құрылғанын мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Маңғыстау облыстықауруханасына ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам ауруханаға жатқызылды, 11 адамның жағдайы ауыр.