Ұшақта темекі шеккен Түркия азаматына 132 мың теңге айыппұл салынды

22 Желтоқсан 2020, 21:02
1740
Бөлісу:
Ұшақта темекі шеккен Түркия азаматына 132 мың теңге айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері Қазақстанда әуе кемесіндегі құқық бұзушылықтар үшін 300-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

AirAstana әуе компаниясының «Анталия-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін аталған әуе кемесі командирінің актісі бойынша Нұр-сұлтан қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне құқық бұзушы берілді, - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Тексеру кезінде көлік полицейлері ұшақ бортында электронды темекі шеккен 1989 жылы туған Түркия азаматын анықтады.

Шетел азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі, яғни, әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Оның айтуынша, дәл осындай жағдай Qazaq Air әуе компаниясының әуе кемесінің бортында да орын алған. Бұл жолы тәртіп сақшылары акт бойынша Түркістан облысының 29 және 30 жастағы тұрғындарын әуе рейсінен түсіріп алды. Құқықбұзушылыр «Нұр-Сұлтан-Шымкент» бағытындағы ұшақ бортында мас күйінде болған, өздерін дөрекі ұстап, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан.

Ол жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі, яғни, алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу бойынша және ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі, яғни, ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынғанын айтты.

Жолаушылардың деструктивті мінез-құлқы әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан жолаушылар әуе кемесінің командирінің талаптарын және экипаждың басқа мүшелерінің ұсыныстарын бұлжытпай орындаулары керек, сонымен қатар тәртіпті сақтаулары қажет. Азаматтар әуе кемесінің бортында тәртіп бұзған жағдайда құқық бұзушыға ел заңнамасында көзделген әкімшілік немесе қылмыстық шаралар қолданылатынын есте сақтаулары тиіс, - деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі. 

Ағымдағы жылдың басынан бері әуе кемесінде жасаған құқық бұзушылықтары үшін Қазақстанда 286 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін - 148, ұсақ бұзақылық үшін - 74, басқа - 64.

Өзгелердің жаңалығы