Үш жылға арналған республикалық бюджет Сенатқа келіп түсті

26 Қазан 2020, 14:08
1836
Бөлісу:
Үш жылға арналған республикалық бюджет Сенатқа келіп түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата Бюросының отырысында депутаттар алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін талқылады және Мәжілістен келіп түскен заң жобаларын комитеттерге бөліп берді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаттың қарауына төрт заң жобасы келіп түсті. Олар: «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы», «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары. Отырыс барысында бұл заң жобалары жұмыс үшін Қаржы және бюджет комитетіне берілді.

Сенаттың кезекті жалпы отырысы 29 қазанда өтеді. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Сондай-ақ, Палата отырысында Мәжіліс мақұлдаған «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралады.

Сонымен қатар Бюрода сенаторлар осы аптада өткізілетін басқа да іс-шараларға тоқталып өтті. Оның ішінде Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жақсарту мәселесі туралы, сондай-ақ, Қарағанды облысының өңірлік азаматтық қорғаныс жүйесі мәселелері туралы Комитет отырыстарына дайындық барысы пысықталды.

Өткен аптада ұйымдастырылған ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне арналған Парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша ұсынымдар қабылданған еді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев сол ұсынымдарды Үкіметке жолдап, олардың іске асырылуын назарда ұстауды тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы