Түркістан облысында кәріз құдығында үш жұмысшының қаза болуына қатысты іс кассацияға дейін жетті. Жоғарғы сатыдағы сот учаске шеберіне қатысты шыққан үкімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға коммуналдық объектіде болған.
Айта кетейік, 2024 жылғы шілдеде Түркістан облысында бес жұмысшы кәріз құдығын тазарту үшін төмен түскен. Жұмыстар қажетті жеке қорғану құралдарынсыз және тиісті қауіпсіздік қамтамасыз етілмей жүргізілген. Тұйық кеңістікте күкіртсутек жиналып, соның салдарынан үш адам қаза тауып, тағы екеуі қатты уланып қалған.
Содан кейін еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша су-кәріз шаруашылығы учаскесінің шеберіне айып тағылған.
Тергеу органдары оның жұмыстарды ұйымдастырып, қауіпті жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті болғанын көрсетті. Бірінші сатыдағы сот шеберді ақтап, еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер оған заңда белгіленген тәртіппен жүктелмеген деген қорытындыға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіспеді. Сот шебердің іс жүзінде жұмыстарға басшылық жасағанын, нұсқама жүргізгенін және қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдастыруға жауапты болғанын көрсетті.
Сондай-ақ, ақтау үкімі күшін жойып, айыптау үкімі шығарылды. Шебер ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыруға сотталды.
Сотталған шебер үкімге кассациялық тәртіппен шағым жасап, өзін ақтауды сұраған.
Кассациялық сот іс бойынша шеберді ақтауға немесе оны қылмыстық жауаптылықтан босатуға құқықтық негіздер анықталмаған. Сонымен қатар сот еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер учаскелік шеберге іс жүзінде жүктелгенін, олардың орындалмағанын және адам өлімімен себептік байланыс бар екенін таныды. Сондықтан кассациялық сатыдағы сот үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны өзгеріссіз қалдырылды, - деп хабарлады Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде қоқысқа толы құдыққа құлаған қыз бала мен ер адам қаза тапқан болатын.