Үш буынды модель – қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі
24 Мамыр, 13:02 405

Үш буынды модель – қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев үш буынды модельге көшпес бұрын, атқарылып жатқан жұмыстардың ең басы, неден бастау алғаны туралы айтты.

Ол қылмыстық процесс саласындағы ұлттық заңнамалардың елеулі өзгерістерге ұшырағанын атып өтті.

Соңғы жылдары қылмыстық процесс саласындағы ұлттық заңнамалардың елеулі өзгерістерге ұшырағанын атап өтуіміз қажет. Өздеріңізге белгілі, Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, сол заманнан бері қалып қойған, қылмыстық процестің ескі жүйесі кешегі 2015 жылға дейін қолданыста болған еді. 2015 жылдан бастап күшіне енген жаңа қылмыстық процестік заңнамасы түбегейлі өзгерді, - деп атып өтті ол.

Бұрын, 2015 жылға дейін тергеу алды тексеру деген өз алдына бір институт болған.

Яғни, қылмыс туралы арыз, шағым немесе хабарламалар түскеннен кейін, қылмыстық іс қозғалғанға дейін 2-ай бойы тергеу алды тексеру шаралары жүргізілетін.

Бұл дегеніміз, 2 ай ішінде барлық мүдделі адамдар тергеу органдарына бірнеше рет шақырылатын, олардан көрсетімдер алынатын, сараптамалар мен аудиторлық немесе салық органдарымен тексерулер жүргізілетін, шектеулер қойылатын т.б. түрлі әрекеттер жасалатын. Егер қылмыс белгілері байқалса, қылмыстық іс қозғалып, 2 ай бойы тергеу жүргізіліп, қайтадан жоғарыда атап өткен әрекеттер қайталап жасалатын. Салдарынан адам бірнеше ай бойы әуре сарсаңға түсіп, қылмыстық процесс орбитасына тартылып, жүйкесі тозып, оның конституциялық құқықтарының бұзылуының және сыбайлыс жемқорлықтың орын алуының бірден бір себебі болатын, - деді Шалабаев.

Ол Кеңес дәуірінен қалыптасқан тергеу алды тексеру институты жойылғанын айтты.

Бұл ретте, жаңа 2014 жылы қабылданған Қылмыстық-процестік кодексте біз бұлардың барлығынан арылдық. Қабылданған Кодекс қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында елеулі әсерін тигізіп, жаңаша серпін алғаны сөзсіз. Бұдан кейінгі жылдары, қылмыстық процесті барынша оңтайландыру, жеделдету және процеске қатысушылардың құқықтарын қорғау бағыттарында процестік заңнаманы жетілдіру мақсаттарында бірнеше рет өзгерістер енгізілген болатын, - деді ол.

Соңғы, концептуалды өзгерістер ретінде, осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы қылмыстық процесті жүргізудің жаңа моделін құру туралы тапсырма берген еді. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын» деп атап өтті.

Бүгінде елімізде бұл модельді қалыптастыру жұмысы қарқынмен жүргізілуде. Аталған модель, бірінші кезекте, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға және олардың қылмыстық процеске негізсіз тартылуын болдырмауға бағытталған, - деді ол.

Мұндай тәртіп дамыған елдердің тәжірибесіне негізделген болуы қажеттігін дөп басып айтқан болатын.

Бұл, өзгерістердің мәні неде?

Жаңағы үш буынның бірінші буыны – тергеу органдары, екіншісі – прокуратура, ал үшіншісі – сот. Жаңа модель олардың өкілеттіктерін нақты ажыратып берді. Тергеу органы қылмысты ашады, дәлелдемелер жинайды. Прокуратура атқарылған жұмысқа баға береді, қылмыстық істі сотқа жолдау немесе қайта тергеуге жолдау мәселесін қарайды. Ал сот сол дәлелдемелерге баға бере отырып, үкім шығарады. Үш буынды модельді енгізудің алғашқы кезеңі 2020 жылдың соңында күшіне енген болатын. Өзгерістерге дейін тергеуші қылмыстық іс қозғап, барлық шешімдерді өзі қабылдайтын. Ал, прокурор, тек, олардың заңдылығын тексеретін. Қазір қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімінен кейін ғана заңды күшіне енеді. Бұл шешімдер қатарында адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу және қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды тоқтату бар, - деді ол.

Яғни жаңа модельге сәйкес, прокурор қылмыстық процестегі қадағалауды ең бастапқы сатысынан бастап жүргізуде. Аталған шешімдер қабылданардан бұрын прокурордың сүзгісінен өтіп, негізсіз деп танылғандары келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады.

Мысалы, адамды қылмыстық іс бойынша күдікті деп тану үшін тергеуші алдымен тиісті материалдар мен қаулы жобасын прокурорға ұсынады. Бұл уақытта адам әлі күдікті емес және қылмыстық процесс орбитасына тартылмаған болып есептеледі. Тек, прокурор қаулыға келісім бергеннен кейін ғана адам күдікті мәртебесін алады. Ал, прокурор тиісті дәлелдер жеткіліксіз деп санаса, күдікті ретінде тану туралы қаулыны бекітуден бас тартады, - деді ол.

Жаңа модель жағдайында атқарған жұмыстардың жетістіктеріне оңды бағасын беріп, мысал келтіруге болады.

Осы жылдың 1-тоқсанында қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу деректері 31%-ке (65-тен 45-ке) төмендегені байқалады. Жалпы, өткен жылы прокурорлар 400 мыңнан астам шешімнің заңдылығын тексерді. Сөйтіп, 366 мыңымен келісіп, бекітті. Қалған 53 мыңы бекітілмей, кері қайтарылды. Бұдан басқа, прокурорлар күдікті деп тануға келіспегеннен кейін, 47 адамға қатысты қылмыстық іс ақтау негізінде мүлдем тоқтатылды. Қарапайым тілмен айтқанда, орган бұл адамдарды күдікті деп танығысы келгенімен, прокурорлар шешімдерді мұқият қарап, олардың іске қатысы жоқ екенін анықтады, - деді ол.

Яғни, біз прокуратураның ең басты міндетін орындап, осы азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз еттік және оларды заңсыз қылмыстық қудалаудың, іске негізсіз тартылуының алдын алдық.

Сондай-ақ, өткен жылдан бері прокурорлар 2 мыңға жуық істі өздері тоқтатты, өйткені бұл істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу негізсіз болған. Осының бәрі прокурордың тергеу барысындағы қадағалаушы рөлінің артқандығын дәлелдейді.

Тағы бір айта кететін маңызды көрсеткіш – прокурор органның тоқтату шешімдерін бекітуден бас тартқаннан кейін, осы жылдың өзінде 90 қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адамдарға қатысты соттың айыптау үкімдері шыққан. Яғни, осы арада, біз нақты кінәлі адамдардың қылмыстық жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз еттік, жазадан бұлтартпас қағидасын іске асырдық, - деді ол.

Осылайша, істердегі барлық негізсіз шешімдер мен олқылықтар дер кезінде анықталып, уақытылы жойылды. Мұны біз прокурорлық сүзгі, яғни «фильтр» деп атаймыз. Мұндай «фильтр» үш буынды модельді енгізудің негізгі мақсаттарында қарастырылған.

Екінші кезеңде де прокурордың жауапкершілігі біршама артады. Өйткені, енді аса ауыр қылмыстық істер бойынша тергеу аяқталған кезде тергеуші іс бойынша, тек, есеп әзірлейді. Ал, айыптау актісін прокурордың өзі жасайды.

Бұған дейін, айыптау актісін тергеуші өзі дайындап, дайын актіні істің материалдарымен бірге прокурорға ұсынатын. Прокурор оларды бекітіп, нәтижесі бойынша істі сотқа жолдайтын немесе бұзушылықтар анықтаған жағдайда тергеушіге қайтаратын.

Енді прокурор қылмыстық іс материалдарын және тергеушінің есебін зерделеп, жиналған дәлелдерге баға бере отырып, айыптау актісін жасау немесе істі қайтару туралы шешім қабылдайды.

Бұл жаңашылдық, жоғарыда айтып өткендей, қылмыстық істердің санаттары бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылдан бастап прокурорлар тек аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актілерін жасауды, келесі жылдан бастап – сыбайлас жемқорлық істері бойынша, ал, 2024 жылдан бастап барлық санаттағы істер бойынша акті жасау құзыреті прокурорға өтеді.

Бұл өкілеттер біздің қолға билік қана емес, жауапкершілік те жүктеді. Егер, сот кезінде істе олқылық анықталса, жауапкершілік шешімдерді бекіткен, айыптау актісін жазған прокурордың мойнына артылады. Сондықтан, ең бірінші кезекте біз бұл өкілеттіктерді қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін пайдаланатын боламыз. Енді, осылардан біз не түйеміз? Қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Тергеу сатысында прокурордың рөлі күшейді. Нәтижесінде, жаңашылдық енгізілгелі соттар қылмыстық істерді қайта тергеуге сирек қайтара бастады. Яғни, прокурордың қатысуымен, бекітуімен іс тергеуінің сапасы артты, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, әрбір қылмыстық іс тіркелген сәттен бастап прокурорлық қадағалаудың күшеюінің арқасында соттардың да, прокурорлардың да оларды қайта тергеуге кері қайтаруы азайды. Ал, бұл, өз кезегінде, уақыт үнемдейді, тергеу созбалаңға салынбайды және қылмыстық процеске тартылған адамдардың құқықтарын барынша қорғауды қамтамасыз етеді.

Жалпы қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тергеу органдарына, прокуратура және сотқа қойылатын негізгі міндеттер – заң талаптарын қатаң сақтай отырып, қылмыс жасаған адамды тиісті жауапқа тарту, тергеп-тексеруді жылдам әрі толық жүргізу, жәбірленушілерге келтірілген залалдың өтелуін қамтамасыз ету.

Қылмыстық процестің үш буынды моделі осы жоғарыда айтылған қағидаттарды барынша сақтауға және іске асыруға мүмкіндік беруде.

Бұл ретте, кез келген өзгеріс заман талабына бейімделе отырып енгізілетіні белгілі. Жаңа модельде цифрлық технологияның, электронды форматта тергеп-тексерудің орның ерекше атап өту қажет. 

Цифрландыру – үш буынды модельдің ажырамас бөлігі деп атауымызға да болады.

Сұхбаттың басында әр іс бойынша негізгі процестік шешімдер прокурормен келісіліп, бекітіледі деп айтқан болатынбыз. Қазір бұл үрдіс толығымен электронды форматта жасалады. Яғни, тергеушіге қаулыны қағазға басып шығарып, оны прокурорға келісуге әкелудің қажеті жоқ. Бұл жұмыстардың барлығы арнайы ақпараттық жүйеде жүргізіледі. Іс қағаз жүзінде ме, әлде электрондық форматта тергеліп жатыр ма – маңызды емес. Бастысы – шешімдерді прокурормен келісу процедурасы толықтай онлайнға көшірілді. Бұл формат қандай пайдасын тигізді десек? Жасыратыны жоқ, бұрын тәжірибеде процестік құжаттарды өзгерту, бұрмалау, дәлелдемелерді алмастыру, оларды қасақана жою, істі әдейі жоғалтып алу сияқты фактілер кездесетін, - деді ол.

Ал, цифрлық форматқа көшкелі бұл заңға қайшы әрекеттерді жасау мүмкін емес. Электронды құжаттарға ешкім өзгеріс енгізе алмайды, себебі ондай мүмкіндік жоқ. Барлық істер, шешімдер, құжаттар базаға енгізілгеннен кейін сол қалпы сол жерде сақталады. Оған ешкім кіріп, бір де бір әріпті өзгерте алмайды. Осы маңызды.

Енді электронды іс жүргізудің артықшылықтары туралы айта кетейін. 2018 жылы Республика аумағында небәрі 20 мыңнан астам іс электронды түрде тіркелген болатын. Бұл барлық тіркелген істердің 5% ғана құраған. Ал, былтыр, яғни, 2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық қылмыстық істердің 80%-ын, яғни, 174 мыңнан астам істі электронды форматта тергедік. Енді салыстырып көрейік: 80% – былтыр, ал, осыдан үш жыл бұрын – 5%. Сондай-ақ, биыл алғашқы 3 айда бұл көрсеткіш 90%-ға жетті.

Бұл – жалғыз артықшылық емес. Бүгінде прокурорлар қылмыстық істерді қашықтан тексере алады. Яғни, ол кабинетінен шықпай-ақ, компьютерінің алдында отырып, тергеу әрекеттерінің қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқанын тексеріп, талдау жүргізе алады. Бұл үшін тергеу органдарынан істің өзін сұратып, бума-бума құжаттардың арасында отырып, жұмыс істеудің қажеті жоқ. Ол дәуір қазір өтуде. Органдарға тексеріспен барудың да қажеті шамалы. Бас прокуратурада отырып, біз шалғайдағы Маңғыстау өңіріндегі бір ауданның өңдірісінде қанша, қандай істер өндірісте бар екенін, олардың сапасы, қалай тергеліп жатқаның бәрін біз зерделеп, бағасын бере аламыз.  Осыған орай, Біз, Мемлекет басшысының цифирландыру мәселесіне, қылмыстық процестің жаңа моделіне көшу жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен орындалуда деп толық айтуымызға болады, - деді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...