Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 3 тамызда қазақтың бес балуаны жол апатына ұшырап, оның үшеуі қайтыс болды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Бұл туралы Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылғы 3 тамызда сағат 06:40 шамасында "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" республикалық маңызы бар автожолының 193- шақырымында "МАЗДА-323" маркалы автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі Алматы қаласынан Тараз қаласына бағыт алып келе жатып, рөлді басқара алмай, салдарынан көлігі жолдың оң жақ жиегіне аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жолаушы оқиға орнында қайтыс болды, олардың біреуі - еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер. Қордай ауданының орталық ауруханасына әртүрлі дене жарақаттарымен үш ер адам жатқызылды, келесі күні ауруханада 24 жастағы еркін күрестен спорт шебері қайтыс болды, - делінген ведомство мәліметінде.
Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Сондай-ақ, сот-медициналық және көлік құралының техникалық жағдайын зерттеу сараптамасы тағайындалды.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданында 5 қазақстандық еркін күрес балуаны мінген автокөлік жол апатына ұшырағаны хабарланды. Оқиға орнында - Жақсыбек Карабалаев, Жанбота Байбазар бірден жан тапсырды. Ал бүгін Iлияс Жұмай өмірден озды. Қайғылы хабар ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Instagram-дағы ресми аккаунтында жарияланды.